Асланбек Дәулетияров сотта тиісті дәлелдер ұсынылмағанын БАҚ өкілдеріне баяндап берді.

Әрі ол қорғауындағы сотталушыны кінәсіз деп есептейтінін ашық айтқан, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

– Жабық режимде өткен тергеу әрекетінің егжей-тегжейін айтуға құқығым жоқ. Ол (Перизат Қайратты айтады) қызметінің ашық болғанын, қайырымдылық жобасының шынайы түрде жүзеге асқанын дәлелдеді. Мен оны кінәсіз деп есептеймін, өйткені тиісті дәлелдер ұсынылған жоқ, – деді ол.

Асланбек Дәулетияровтың пікірінше, айыптар заңсыз және негізсіз.

– Айыптар заңсыз және негізсіз. Жабық отырыста өз уәжімді айттым. Жабық отырыс болғандықтан, ештеңе айта алмаймын. Дәлелдер ұсынылмағандықтан, оны кінәлі деп санамаймын. Перизат тағылған айыппен келіспейді, – деп қоса кетті адвокат.

Адвокат қорғауындағы азаматтардың жарыссөзі неге жабық режимде өткеніне тоқталды.

– Алдын ала тыңдалымда бұл істі жабық өткізу туралы өтінішті Перизат берді. Сот отырысын жабық түрде өткізуді сұраған кезде екі негізді көрсетті. Біріншісі – банк құпиясы. Ол аударымдар мен қаржылық операциялар туралы мәліметтерге қатысты, олар бойынша сот санкциясы алынған. Бұл ақпаратта бірнеше мың адамның аты-жөні, аударылған сома туралы деректер бар. Екінші себеп – жеке өмірге қатысты мәліметтер. Оның арасында жеке фотосуреттер мен бейнематериалдар бар. Бір ғана телефонның өзінде 45 мың фото мен видео болған. Перизат олардың әлеуметтік желіге таралып кетуінен қауіптенді. Қолда бар мәліметке қарағанда, банк үзінділерін де жарияламаған, – деп сөзін қорытындылады А.Дәулетияров.

Бұған дейін атышулы іске сот үкімі шыққанын жаздық.