Аймақта Газадан қоныс аударған жүздеген мың адам уақытша бас сауғалап жатыр.
Жексенбі күні Израиль әскері Газа секторындағы соғыс қимылдары болмаған орталық аудандардың тұрғындарына эвакуациялануға бұйрық берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты BBC-ге сілтеме жасап.
Басылымның жазуынша, адамдарды көшіру туралы бұйрық ЦАХАЛ-дың Дейр-эль-Балаха аудандарына шабуыл жасауға дайындалып жатқанын білдіруі мүмкін. Израильдік тұтқындардың туыстары бұл жағдайға алаңдаушылық білдірді. Себебі олар туыстары бұл ауданда тұтқында отыр деп қауіптенеді.
Израиль әскері Дейр-эль-Балаханың оңтүстік-батыс бөлігіндегі бірнеше аудан тұрғындарына әуеден үндеухаттар тастады. Онда тұрғындардың үйлерін тастап, одан әрі оңтүстікке көшу керектігі туралы айтылған. Бұл аймақта Газадан қоныс аударған жүздеген мың адам уақытша бас сауғалап жатыр.
Израиль армиясының баспасөз хатшысы Авихай Адраидың сөзінше, бұл елдің Дейр-эль-Балаха маңындағы операциялары кеңейіп жатыр.
Израильдік дереккөздердің хабарлауынша, бұл аудандарға бұрын-соңды әскер кірмеген. Себебі ол жақта ХАМАС тұтқындарды ұстап отыруы мүмкін деген мәлімет бар.