Бүгінгі сот отырысында Назарбаев мектебінің қызметкерлері "BizBirgemiz Qazaqstan 2030" қоғамдық ұйымына 2,9 миллион теңгесін қайырымдылық ретінде бергенін айтты.
Ал бұған дейін НЗМ ата-аналары дәл сол қорға 1 миллион теңгеге жуық қаржы аударғанын сөз еткен еді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.,
Елордада Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты қылмыстық іс бойынша зардап шеккен жандардан жауап алынды.
Онда Назарбаев зияткерлік мектебінің педагог-ұйымдастырушы-кураторы Жанерке Сатқымбекова болған оқиғаны баяндады. Оның сөзінше, су тасқыны кезінде ата-аналар, оқушылар және мұғалімдер атынан 2024 жылдың 10 сәуірінде банктің онлайн-қосымшасы қайырымдылық қорына 2,9 миллион теңге аударған.
Мемлекеттік айыптаушы сөз арасында "Неліктен дәл Biz Birgemiz қорын таңдадыңыздар?" деп сұрады. Жәбірленушінің айтуынша, уақытында қор туралы барлық жерде жақсы жарнама жасалған. Сол себепті, олар қаржыны осы қорға жіберу туралы шешімге келген.
Сұрақ-жауап барысында айыпталушы Перизат Қайрат та өз жауабын берді.
– Сіз жіберген барлық қаражат мақсатты түрде жұмсалды. Біз су тасқыны кезінде алдыңғы шепте болып, ауқымды жұмыс атқардық, – деді ол.
Бүгін Перизат Қайрат ісі бойынша өткен сот отырысында Ғайни Алашбаеваның жағдайы күрт нашарлағанын хабарлап едік.