Еуропалық одақ Ресейге қарсы 18-санкциялық пакетті бекітуге дайындалып жатыр. Бұл шешім Украинаға қарсы соғысты тоқтатуға бағытталған қысымды күшейтуді көздейді, деп хабарлайды BBC News Русская служба.

Санкциялар пакетін қабылдау Словакияның қарсылығына байланысты бір айға жуық кідірді. Словакия мен Венгрия ресейлік газдан толық бас тарту бастамасына қарсы шығып, өтемақы талап етті. ЕО бұл мәселені шешу үшін жаңа жоспар ұсынды – санкциялар емес, сауда шектеулері.

Жаңа санкциялардың мазмұны:

  • Ресейлік мұнай мен мұнай өнімдерін тасымалдауға қатысатын компаниялар мен банктерге шектеулер күшейтіледі;

  • «Солтүстік ағын» газ құбырының барлық тармақтарын пайдалануға тыйым салынады;

  • Ресейлік банктердің көбі SWIFT жүйесінен ажыратылады;

  • Үшінші елдер арқылы санкцияларды айналып өтуге көмектесетін компаниялар мен банктерге де шектеулер енгізіледі;

  • Ресей мұнайының шекті бағасы 60 доллардан 45 долларға төмендетілуі мүмкін.

ЕО Ресейге экономикалық қысымды күшейтіп, кемінде 30 күнге атысты тоқтатуға мәжбүрлеуді көздеп отыр.

«Ресей келіссөз үстеліне байыпты ұсыныспен келуі тиіс», – деді Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен.

Словакия мен Венгрия неге қарсы? Бұл елдер ресейлік газға тәуелді және балама жеткізілім көздері болмағандықтан экономикалық шығынға ұшырауы мүмкін. Осы себепті олар газ санкцияларына қарсы позиция ұстанып отыр.

Жаңа санкциялар пакеті Ресей экономикасына қысымды одан әрі күшейтеді деп күтілуде. Алайда одақішілік келіспеушіліктер бұл процестің жылдамдығына әсер етуі мүмкін.