Жаңа санкциялар пакеті тек ЕО-ның 27 мемлекеті мақұлдағаннан кейін ғана күшіне енеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Anadolu Ajansı басылымына сілтеме жасап.

Еуропалық одақ (ЕО) Ресейге қарсы 19-шы санкциялар пакетін дайындағанын жариялады. Жаңа шаралар ресейлік сұйытылған табиғи газды импорттауға тыйымды, банктерге, криптовалюталық операцияларға және мұнай тасымалдайтын "көлеңкелі флотқа" қатысты шектеулерді қамтиды.

Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен жаңа шаралардың егжей-тегжейін таныстырып, Ресейдің әлі де дипломатия мен халықаралық құқықты елемейтінін, сонымен қатар Киевтегі ЕО өкілдігіне жасалған шабуылды еске салды.

Фон дер Ляйеннің айтуынша, соңғы екі аптада ресейлік дрондар Польша мен Румынияның әуе кеңістігін бұзған.

"Бұл – бейбітшілік орнатқысы келетін елдің әрекеті емес", – деді ол.

Фон дер Ляйен Ресейдің әскери экономикасы қазба отыннан түсетін табысқа тәуелді екенін атап өтті.

"Біз бұл табысты қысқартқымыз келеді. Сондықтан ресейлік сұйытылған табиғи газ импортын Еуропа нарығына тыйым саламыз. Уақыт келді, кранды жабамыз. Біз дайынбыз", – деді ол.

Сонымен қатар, ресейлік мұнайға қойылатын баға шегі барреліне 47,6 долларға дейін төмендетіліп, "Көлеңкелі флоттағы" тағы 118 кеме санкцияға енеді. Барлығы 560-тан астам кеме тізімге кіреді.

"Роснефть" пен "Газпромнефть" секілді ірі энергетикалық компанияларға толық сауда тыйымы енгізіліп, басқа да кәсіпорындардың активтері бұғатталады.

Фон дер Ляйен санкцияларды айналып өтіп, ресейлік мұнайды сатып алатын елдердің мұнай өңдеу зауыттарына, трейдерлеріне және петрохимиялық кәсіпорындарына да шара қолданылатынын атап өтті. Бұл қатарға үшінші елдердегі, соның ішінде Қытайдағы компаниялар да кіреді.

Банктер мен криптовалютаға шектеу

"Ресей пайдаланып жүрген қаржылық айналма жолдарды жабамыз. Ресейлік банктерге, сондай-ақ санкцияларды айналып өтуге көмектесетін үшінші елдердің банктеріне де операция жасауға тыйым саламыз", – деді Фон дер Ляйен.

Алғаш рет криптовалюталық платформаларға да шектеулер енгізіледі. Санкциялар шетелдік банктерді де қамтиды, егер олар ресейлік баламалы төлем жүйелерімен байланысы болса.

Экспорттық бақылау

Әскери мақсаттағы тауарлар мен технологияларды экспорттауға қосымша шектеулер енгізіледі. Ресейдегі және үшінші елдердегі 45 компания санкциялық тізімге қосылды.

Фон дер Ляйен санкциялар Ресей экономикасына қазірдің өзінде ауыр соққы жасағанын айтты. Олар Ресей Украинамен әділ әрі тұрақты бейбіт келісімге келмейінше сақталатынын атап өтті.

Украинаға қолдау

ЕО Украина қорғанысын қаржыландыру үшін жаңа тетік әзірлеп жатыр. Мұздатылған ресейлік активтерден түскен табыс Украинаға бағытталуы мүмкін.

Жаңа пакет тек ЕО-ның 27 мемлекеті бірауыздан мақұлдағаннан кейін күшіне енеді.

Қақтығыс басталғалы бері ЕО Ресейге қарсы 18 санкциялық пакет қабылдады. Олар сауда, қаржы, энергетика (мұнай, көмір), өнеркәсіп, технология, көлік, қосарлы мақсаттағы тауарлар, алтынды қамтыды. Бұған қоса ресейлік мұнай мен мұнай өнімдерін теңіз арқылы жеткізуге тыйым салынды, бірқатар банктер SWIFT жүйесінен ажыратылды, көптеген БАҚ жұмысы тоқтатылды.

Қазіргі таңда ЕО санкциялық тізімінде 2,5 мыңнан астам жеке және заңды тұлға бар.