Астанада Перизат Қайрат пен оның анасына қатысты кезекті сот процесі өтіп жатыр.

Бүгін "BizBirgemiz Qazaqstan 2030" қорына қаржы аударып, зардап шеккендер жауап беруде, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Сотта жауап алынған куәгердің бірі – Сәуле Қуандықова. Ол – Астана қаласының тұрғыны. Оның сөзінше, 2024 жылы бір топ ата-ана жарнамаға иланып, қайырымдылық іс-шарасына үлес қосуды жөн көрген.

– 2024 жылы мен физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде ата-аналар комитетінің төрағасы болдым. Су тасқыны болғанда, зардап шеккен жандарға көмек ретінде қаражат жинауды бастадық. Осылайша, Biz Birgemiz қорының жарнамалық науқанына сеніп қалдық. Ата-аналар маған сенім артты. Қаражаттың мақсатсыз жұмсалғанын ескере отырып, толық жауапкершілік менің мойнымда болғандықтан, оны өтеу де өз міндетім деп санаймын. 2024 жылдың 15 сәуірінде біз 901 855 теңге көлемінде қаражат аудардық, – деді ол.

Бұған дейін Перизат Қайраттың блогерден де 83,5 миллион теңге алғаны белгілі болды.

Ал "Асар-Үме" қорының басшысы Перизат Қайратқа 200 млн теңге аударғанын айтқан-ды.

Сонымен қатар, Перизат Қайрат пен анасының 3,5 млрд теңгені қайда жұмсағанын жазған болатынбыз.