Сот процесінде "MM Group" құрылыс компаниясының негізін қалаушы Мөлдір Сүйіншәлі куәлік берген.

Ол сотта 2021 жылы Перизат Қайраттың шақыруымен қайырымдылық концертке қатысып, аукционнан қомақты қаржыға зат сатып алғанын жеткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бастапқыда Мөлдір Сүйіншіәлі "мүгедектігі бар балаларға арналған оңалту орталығын салуға қаржылай қолдау көрсеттім" деп ойлаған.

– Бізге жиналған қаражаттың барлығы ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған орталықтың құрылысына жұмсалатыны айтылды. Сол кеште өткен аукционда мен Геннадий Головкиннің қолғабын 10 миллион теңгеге сатып алдым. Ақшаны ресми түрде қордың есепшотына аудардық. Жобаға ешқандай күмәнданбадым. Бұл қорды жаңалықтардан көріп, мемлекеттік ұйым деп ойладым, – деп сөзін жалғады ол.

Десе де, дәл осы жайтқа қатысты Перизат Қайраттың қорғаушысы жәбірленушінің ешқандай шағым айта алмайтынына назар аудартты. Адвокаттың пікірінше, Мөлдір Сүйіншәліні ешкім қыстамаған, ол аукционда қолғапты өзі сатып алған.

Солай бола тұра жәбірленуші кәсіпкер бұл қаржыны тек қайырымдылық мақсатта аударғанын ескертіп, азаматтық талабынан бас тартпайтынын айтқан. Ол "егер мүгедектігі бар балалар үшін делінген ғимарат салынса, ешқандай мәселе туындамас еді" дейді. Бірақ, ақша мақсатты жерге жұмсалмағандықтан, оның қайтарылғанын қалайды.

Осыған дейін Перизат Қайрат сотта Бауыржан Байбектен жауап алуды сұраған еді. Артынша Перизат Қайрат пен анасының 3,5 миллиард теңгені қайда жұмсағанын жаздық.