Тамақ пен тауар тасушылардың табысы " таңдай қақтырды".

Қытайдың 39 жасар азаматы Дин Юаньчжао "жеткізу қызметінің ең білімді курьері" болып танылды. Ол азық-түлік жеткізумен айналысу үшін ғылымды тастап кеткен.

South China Morning Post жазуынша, Дин жаһандық беделді Оксфорд университетін бітіріп, ғылым кандидаты атағын алған. Алайда ғылыммен шұғылдану арманын сол бойы жүзеге асыра алмапты.

Жетекші орында болмаса, шың елінде де ғалымдарға аз айлыққа қанағаттануға тура келеді. Содан ол отбасын асырау үшін басқа салалардан жақсы табыс әкелетін жұмыс іздеуге шешім қабылдайды.

Қытайлық басылымның мәліметінше, ақпарат құралдары және әлеуметтік желілер арқылы Диннің хикаясы бүкіл ҚХР-ге әйгілі болды. Содан кейін экс-ғалымның өзі кәсіп саласын неге мұнша күрт өзгерткені туралы әңгімелеп беруге келіскен.

Ер адамның айтуынша, оның бір емес, бірнеше дипломы бар. Оларға сәйкес, Дин химия ғылымының бакалавры және Бейжің университетінің энергетикалық инженерия жөніндегі магистрі болып табылады.

Содан соң ол Сингапурдың технологиялық университетінде биология ғылымы бойынша диссертация қорғады. Онымен шектелмей, ақыры атақты Оксфордты "Биоәралуандылық" мамандығы бойынша бітіп, диплом алып шықты.

"Бірақ ол сол бойы өз мамандықтары бойынша армандаған жұмыстарына қол жеткізе алмады. Дин еңбек нарығында қиындықтан қиындыққа тап болғанын баяндады. Тек ғылыми ғана емес, басқа да ұйымдарға орасан зор көлемде түйіндемесін жолдады. Оннан астам әңгімелесулерден өтті. Соған қарамастан беделді лауазымдардың бірде бірін иелене алмады. Онсыз Қытайда жақсы жалақы алу мүмкін емес", – деп мәлім етті қытайлық басылым.

Үмітін үзген ғалым ең құрығанда репетитор болып жұмыс істеуге ұйғарады. Онда да тауқымет тартқан: жұрт алдында көсіліп сөйлей алмайтын ұялшақ мінезі оған шәкірттері алдында екі сөздің басын дұрыс құрап, ойын дұрыс, нақты, айқын жеткізуге мүмкіндік бермепті.

Ал, онсыз тақырыпты ашып, оны оқушыларына түсіндіре алмасы белгілі. Амалсыз, бұл ниетінен де бас тартуға тура келеді.

Әбден түңіле бастаған тұста Сингапурде оқып жүрген кезде тамақ тасу қызметінде қосымша табыс тапқаны есіне түседі. Ол қызметте көп сөз емес, көп іс талап етілетіні белгілі.

Әр жаққа шауып, сергелдеңге түсіп, шаршаған Юаньчжаоның қалтасында өмір сүру үшін қажет етілетін қаражат қалмағанда, ол "ескі ісіне" қайта оралуға мәжбүр болады.

"Бұл – ауыр, бірақ тұрақты жұмыс. Мен ол арқылы өз отбасымды қаражатпен қамтамасыз ете аламын. Егер қажырлы еңбек етсең, жап-жақсы табыс табуға болады. Бұл негізі, жаман жұмыс емес. Тамақ жеткізудің өз артықшылығы бар, жүк көтергенде, баспалдақтармен әрлі-берлі жүгіргенде денені шынықтыруға болады", – деді курьер-ғалым Дин Юаньчжао.

Ол журналистерге сұхбатында жастардың алған білімі мен игерген кәсібі оның құндылықтарын айқындамайтынын атап өтті. Қарапайым жұмысшы кәсіптерінде де жоғары білімге ие немесе танымы жөнінен ғалымдармен тайталаса алатын адамдарды да кездестіруге болатынына назар аудартты.

Бұрынғы ғалым кез келген жұмысшы мамандығының өркениет пен адамзат үшін маңызды әрі қажет екеніне сенімді. Барлығы ғылым қуып кетсе, экономиканы тұрғызатын, салаларды ілгерілететін ешкім қалмас еді.

Ал, жұмысшы кәсібі отбасыны асырауға мүмкіндік беріп қана қоймай, қоғамда да үлкен пайда келтіруге өріс ашады. Журналистердің жазуынша, әлеуметтік желілерді пайдаланушылар Динді сөкпеген, мазақ етпеген, керісінше, жан-жақты қолдау көрсеткен. Жоғары білімді қарапайым жұмыскерлер хабарласып, өз тарихтарын бөліскен.

Олардың мәлімдеуінше, адамды оның қолақпандай дипломдары емес, ізгі істері, адал еңбегі, қоғамның дамуына елеулі үлесі айқындайды. Бұл өмірде әлі де болса адамгершілік пен жауапкершілік мәнге ие.

Сонымен қатар, әлеужеліні пайдаланушылар "білімнің құндылығы" мәселесін көтерді: ұзақ жыл оқығанда, беделді деген университеттердің өзі түлектеріне өмірде қажет болатын, жұмыс берушілер талап ететін біліктілікті бере алмайды.

Салдарынан, біраз жылын сарп етіп, ЖОО бітіріп шыққандар еңбек нарығына керекті біліктіліктерді, дағды-машықтарды өз бетінше игеруге, жұмыс берушісінің талаптарына сай қайта бейімделуге, қосымша біліктілігін арттыру курстарынан өтуге мәжбүр болады.

Пікір білдірушілердің бір тобы Диннің қанша ауыртпалық тартса да, өмірден баз кешпегеніне, қайрат-табандылығын сақтап, өмірден өз орнын тапқанына тәнті болғандарын жеткізді.

Өз кезегінде, Yandex Uzbekistan компаниясының GR Director (мемлекеттік органдармен және қоғамдық ұйымдармен өзара ықпалдастық бағытына жауапты басшысы) Сардор Қадыров курьерлер мен жүргізушілердің қанша табыс табатыны туралы өзекті ақпаратты жариялады. Бұл деректі ол телеграм-арнасында орналастырды.

"Өзбекстандағы біздің жүргізушілер мен курьерлер 2024 жылы 530 миллион доллар табыс тапты. Ал, 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында олардың кірісі 340 миллион долларға жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда + 50% көп. Бұл сандар компанияның тапсырыстардан алатын комиссиясын есептемегенде, орындаушылардың таза табысын көрсетеді. Статистика компанияның "Такси", "Жеткізу", "Тамақ" және "Дүкен-Лавка" бағыттарын қамтиды", – деді Қадыров.

Оның мәліметінше, 2025 жылдың маусым айындағы жағдай бойынша өзбекстандық сервистің экожүйесінде 179 мың жүргізуші мен 49 мың курьер тіркеліп, жұмыс істеді.

Компания басшысы бос уақытында емес, күн құрғатпай әрі белсенді еңбек ететін, яғни, күніне ең кемі 7-8 сағат жұмыс істейтін орындаушылар санының артып келе жатқанын жариялады. Олардың бәрі үшін енді курьерлік пен таксилету – негізгі кіріс қайнары болып саналады.

"Жарты жылда 340 миллион доллар табыс" деген статистика оңтүстік көршіде қоғамдық резонанс тудырды, ақпарат құралдарының өзі мұны "тамсандырарлық табыс" деп бағалады.

Дегенмен, "Яндекске" тіркелгендер басқаша ойлайды екен.

"Біздің санға сауатсыз адамдар жалпы статистикаға тағы мәз болды. Қадыров экожүйеде жалпы саны 228 мың жүргізуші мен курьер тіркелгенін айтып отыр. Енді әлгі әркімнің қызғанышын туғызған 340 миллион долларды осы санға бөлсеңіз, әрбір жұмысшыға 1 491 доллардан ғана келетінін білесіз. Жарты жылда – 1,4 мың доллар ғана! Енді тамсаныңыз!", – деп көңілтолмастығын жасырмады Мирзуфар.

Ол осы сомадан жүргізушілер мен курьерлердің өз ақшасына сатып алатын тамағын, баспана мен көліктің (соның ішінде велосипед пен электросамокаттың) арендасын, машина жанар-жағармайының, запастық бөлшектерінің, амортизациясының және жөндеу-қызмет көрсетунің барлық шығындарын алып тастауды ұсынды. Ондай жағдайда қолында қалатыны – тақұл-тұқыл, тиын-тебен.

"Ұзақ жыл курьер болып істеп жүрген жігіттердің шетінен шылқып байып кеткені байқалмайды. "Яндексте" еңбек келісімшарты жоқ, жұмыс өтілі жүрмейді, тек агенттік шарт бекітеді. Жұмыс беруші ретінде ештеңеге жауап бермейді, ешқандай медсақтандыруымыз жоқ, жарамсыздық парағын да төлемейді. Күні-түні ауыр жұмыс істегеннен денсаулық сыр берсе, алапат шығысты өзің көтересің. Тапсырысты көбірек алу, тезірек орындау үшін курьерлер, жүргізушілер үнемі сүрлігеді, асығады, басын бәйгеге тігеді. Апатқа ұшырағаны жетерлік", – деді Олег есімді өзбекстандық курьер.

Осылайша, бұл кәсіптің артықшылықтары мен кемшіліктері қатар анықталып отыр.