Іс тоқтатылды .
Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында 32 жастағы мұғалімге қатысты іс қаралды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Otyrar.kz басылымына сілтеме жасап.
Мұғалім бөтеннің мүлкін қасақана бүлдірді деп айыпталды.
Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, оқиға 3 маусым күні таңғы уақытта болған. Әйел көпқабатты үйдің ауласына такси шақырған.
"Таңғы сағат 05:30 шамасында айыпталушы Яндекс Go такси қызметін шақырған. Әйел алдыңғы орынға, ал құрбысы артқы орынға отырған. Айыпталушы мас күйде болған, ал оның құрбысы көлікте құсып қойған. Жолаушылар жүргізушіге жолақыдан бөлек, көлікті тазалау шығындарын өтейтін болып келіскен", – делінген сот материалдарында.
Бірақ әйелдің ақшасы жетпеген, ол өзінің телефонын кепілге қалдырған. Кейін телефонды алуға қайта келгенде жанжал басталған. Алдымен көліктің панелі мен мониторына соққы жасап, кейіннен сыраның бөтелкесімен терезені сындырған. Одан соң қолына тас алған. Оқиға салдарынан көлік иесіне айтарлықтай залал келген.
Сотта әйел өз кінәсін мойындап, өкінетінін жеткізді. Ол шығынды толық өтеген. Такси жүргізуші әйелді кешіретінін айтым, істі жабуды сұраған.
Тараптар татуласып, келтірілген залал толық өтелгендіктен, әйел адам қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Қылмыстық іс тоқтатылды.