Себебі, экономикадағы ақшаның құны ипотека шарттарын қайта қарауға негіз болуда.
Мұндай тосын жаңалықты Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов кезекті баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оның сөзінше, қазіргі деңгеймен ұзақ жылға несие рәсімдеу тиімсіз.
– Базалық мөлшерлеменің қазіргі деңгейімен, экономикадағы ақшаның жалпы құнымен 10, 15, 20 жылға ипотека рәсімдеу артық төлем деп есептейміз. Ондай несиені алғанда "шамам келетін шығар", "талпынып көрермін" деп ойлауыңыз мүмкін. Бірақ 10 жылдан кейін бұл борышты уақытылы өтеп кете аласыз ба? Пәтерге өз бағасынан 3-4 есе артық ақша төлей аласыз ба? Бұл – үлкен мәселе, – деді ол.
Еске салайық, қазірдің өзінде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ипотека тәсілдерін түзету жолдарын қарастырып жатыр. Ұсыныстардың арасында ипотеканың ең жоғары пайыздық мөлшерлемесін 20%-бен шектеу, нормативтерді қайта есептеу, бастапқы жарнаны ұлғайту ықтималдығы және қарыз алушының төлем қабілетін қатаң бағалау сияқты шаралар бар.