Бұл туралы "Астана Концерт" компаниясының продюсері Мәлік Хасенов мәлімдеп отыр.
Оның сөзінше, биыл елімізде әлемге әйгілі бірнеше әртіс жеке концертін береді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ең маңыздысы, "А" санатындағы әлемдік концерттерден ел қазынасына 1 миллиард теңгеден аса қаржы түседі деп болжанған.
– Алдағы 3 жылда "A" санатындағы 10-нан астам концерт өткіземіз, бұл үдеріс қазірдің өзінде басталып кетті. Биылдың өзінде концерттерді ұйымдастырумен айналысатын компаниялар тобы 1 миллиард теңгеден астам салық төлейтіні белгілі болды. Біз әлі концерттің экономикалық жалпы әсері туралы айтқан жоқпыз. Себебі, Джей Лоның Астана мен Алматыдағы концертіне келетін туристер саны 18 мың адамға жуықтайды деп күтілуде. Ал Backstreet Boys тобы концертінен одан да жоғары көрсеткіш тіркелуі керек, – деді Мәлік Хасенов.
Қазіргі уақытта "Астана концерт" командасы жаңа жобалар бойынша келіссөздер жүргізуде.
– 10-нан астам жұлдызбен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Жұлдыздардың тур кестесін біліп, соның арасына Астананы кірістіру керек. Тур аясында билет бағасы әр кезде әртүрлі болады, оның үстіне логистика мен концерттік бағдарламаға да байланысты, – деп қоса кетті ол.
Әлемдік деңгейдегі концерт ұйымдастырушылары елімізге келетін жұлдыздардың есімін әзірге жарияламайды. Десе де, қазірдің өзінде 3 расталған келісім бар. Оған дайындықтың 70 пайызы бітіп тұрған көрінеді.