Атырауда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры Нұрғиса Дәуешовтің «Тиек» атты шығармашылық кеші өтті.

Онда дәулескер күйші кешегі өткен күй қағандарының шығармаларын орындады. Күйшіні Нұрмұқан Жантөрин атындағы облыстық филармонияның Нарын оркестрі мен Дина Нұрпейісова атындағы Атырау музыка колледжінің студенттерінен құралған хор сүйемелдеді. Кеш барысында домбырашы өзі орындайтын әр шығарманың шығу тарихы мен авторын таныстырып, жастар үшін тағылымды мәліметтер беріп отырды.

Нұрғиса Дәуешов, күйші:

- Бүгінгі концертке батыс күй мектебі өкілдерінің төкпе күй, шертпе күй саласының күйлерін әкеліп отырмыз. Жалпы концертімізде жастарға да лайықтап, заманауи бағытта шығармаларымызды лайықтадық. Бастысы Атырауда концерт беру мен үшін мәртебе.

Бақытбек Сартбаев, Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияның директоры:

- Биылғы жылдың өзінде дәстүрлі өнерімізді, ұлттық кодымызды дәріптеуге көптеген шаралар өткізілді. Жылдың басынан бері қарай облыстағы барлық дәстүрлі әншілеріміз бен халық аспаптар оркестрлері аудандарды аралап, ұлттық өнерімізді дәріптеп келеді.