Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбай Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Айтуынша, азаматтарға пошта хабарламасы түріндегі фишингтік сілтемелер жіберіле бастаған. Сондай-ақ IT технологиялардың қарқынды дамуына байланысты, соңғы 8 жылда мұндай қылмыстар саны 10 еседен астам өсті.

Тек биыл жыл басынан бері 11 мыңнан аса осындай қылмыс тіркелді. Министрлік киберқауіптерге қарсы тиімді шаралар қабылдап жатыр. Шығын сомасы 25 млрд теңге, оның 895 млн теңгеден астамының орны толтырылды. Айта кетерлігі, интернет-алаяқтықтың ең кең таралған түрі – фишингтік сілтемелер. Осы сілтемелер арқылы қылмыскерлер азаматтардың жеке деректері мен банк шоттарына қол жеткізеді. Барлық қазақстандықты күмәнді сілтемелерді ашпауға және ақпараттарды міндетті түрде ресми арналар арқылы тексеруше кеңес береміз, — деп атап өтті Жандос Сүйінбай.

Сонымен қатар ведомство өкілі күмәнді хабарлама алған жағдайда қалай әрекет ету қажеттігін түсіндірді.

Егер сіз шынымен де сәлемдеме күтіп отырсаңыз, бөлімшеге барып, көз жеткізгеніңіз дұрыс. Бұл қаржылық шығындардың алдын алуға көмектеседі, — деді департамент басшысы.