Бұл салада 30 мыңға жуық адам жұмыс істейді.

Президент су шаруашылығы қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, су – бүкіл тіршіліктің көзі, әлемдегі барлық ел үшін аса маңызды стратегиялық ресурс екенін айтты, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

"Біздің кең байтақ жеріміз бар. Алайда ел аумағының жартысынан көбі шөл және шөлейт жерлер. Сондықтан Қазақстан үшін су мәселесі ұлттық қауіпсіздік мәселесі десек, артық болмайды. Бұл сала әрдайым мемлекеттің айрықша назарында. 2023 жылы халыққа Жолдауымда мен суды тиімді пайдалану жайына ерекше тоқталдым. Елімізде Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды. Нақты міндеттер айқындалып, ауқымды реформалар қолға алынды. Жаңа Су кодексі қабылданды. Ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Су нысандарын салуға және қалпына келтіруге қомақты қаражат бөлінді. Шетелден инвестиция тартылуда. Қазір осы салада 30 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Олар қала мен ауылды, өндірістер мен егіс алқаптарын сумен қамтамасыз етуде", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент су саласында мықты мамандар әлі де жетіспейтінін атап өтті.

"Былтыр Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті құрылды. Осы мамандыққа бөлінетін грант саны екі есе артты. 500-ден астам студент бюджет қаржысына білім алып жатыр. Олар оқуын аяқтаған соң "Дипломмен – ауылға" бағдарламасы аясында жұмыс істей алады. Сондай-ақ 120 қызметкер Қытайда тәжірибе алмасып, қосымша білім алуда. Су шаруашылығы мамандарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға баса мән берілуде. Былтыр олардың жалақысы 25 пайызға өсті. Биыл да көбейеді. Бір сөзбен айтсақ, жүйелі жұмыс істеліп жатыр", – деді мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету айрықша маңызды міндет екеніне тоқталып, соңғы жылдары осы бағытта нақты шаралар қабылданғанын жеткізді.

"Қала халқының және ауыл тұрғындарының көпшілігі таза ауыз сумен қамтамасыз етілді. Енді алдымызда тұрған шұғыл міндет – 500-ге жуық ауылға су беру жұмысы. Әсіресе, ауыз суды тазалау мәселесін шешу қажет. Халқымыз "Судың да сұрауы бар" деп тегін айтпаған, әр тамшы судың қадірін білген. Суды тиімді пайдалану – өте өзекті мәселе. Заңғар жазушы Әбіш Кекілбаевтың "Шыңырау" повесінде судың қасиеті, құдықшының еңбегі туралы терең ойлар айтылады. Қазір елімізде суды үнемдеу тарифі іске қосылды, яғни "аз пайдалансаң, аз төлейсің" деген қағида енгізілді. Сонымен қатар мемлекет су үнемдеу технологиясын қолданатын шаруаларға белсенді қолдау көрсетуде, атап айтқанда, жұмсаған қаржысының 80 пайызына дейін өтейтін болды, – деді Президент.