Жалпы инвестиция көлемі – 1 млрд 780 млн теңге.
Аймақта ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібіне инвестиция тартуға ерекше көңіл бөлінген. Ошақты ауылдық округінің аумағында тұт жібек құртын өсіру және өңдеу кәсіпорнының құрылысы жүргізіліп жатыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Жобаны "АСВС Ойл" ЖШС жүзеге асырады. Жоспарға сәйкес, алғашқы кезеңде 60 гектар жерге тұт ағашының көшеттері отырғызылып, қажетті инфрақұрылым тартылуда. Бұл іс үшін Қытай Халық Республикасындағы серіктестермен тұт көшеттерін жеткізу жөнінде келісімшарт жасалған.
Бұған дейін жобаның тиімділігі мен жергілікті жағдайға бейімділігін анықтау мақсатында Біртілек ауылдық округі аумағында 0,5 гектар жерге тұт ағашының сынамалық көшеттері отырғызылған болатын. Олар климатқа сәтті бейімделіп, алғашқы өнімін берген.
Келесі кезеңде инвесторлар жобаны кеңейтіп, тұт жапырағынан шай өндіруді жоспарлап отыр. Бұл мақсатта шайды өңдеп, қаптайтын заманауи қондырғыларды Қытайдан әкелмек.
Мамандардың пікірінше, асыранды жібек құрты барлық жібектің 90%-ын береді. Көп еңбекті қажет ететіндіктен, бағасы да қымбат. Сондықтан жасанды жібек өндірісін жолға қою – табысты арттырудың тиімді тәсілі. Жалғыз пілләдан алынған талшық тым жіңішке болатындықтан, тікелей өндірісте қолданылмай, тек жібек қасиетін зерттеу үшін пайдаланылады. Жібектің механикалық қасиеттері жоғары, әрі жақсы диэлектрик, 120-130°С ыстыққа төтеп береді, тек 160-170°С-та ғана ыдырай бастайды.
Ал, жібек құртының негізгі азығы – ол тұт ағашы. Бір гектар тұт бауынан орташа есеппен 50 тонна жапырақ алынады. Сондықтан шаруа ұтады.
Жобаны іске асыру өңірде агроөнеркәсіптің жаңа бағытын дамытуға жол ашып, жаңа жұмыс орындарын құруға, сондай-ақ Түркістан облысының ауыл шаруашылығын әртараптандыруға өз үлесін қосады.