Әлеуметтік тұрғын үй бағдарламасының атын бүркемеленген жоба қатысушыларды мүлікті пайызсыз бөліп төлеу арқылы сатып алуға болады деп сендірген.
Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті "UILI BOLAYIK" (Үйлі болайық) атты қаржы пирамидасының қызметін тоқтатты, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Қатысушыларға салған қаражаты үшін ай сайын 15-30% көлемінде табыс және әр жаңа тартылған адам үшін 10% бонус уәде етілген.
Азаматтардың қаражаты екінші деңгейлі банктердегі ұйымдастырушылардың жеке шоттарына аударылып отырған, ал UILI BOLAYIK қайырымдылық қорының есепшоттары іс жүзінде пайдаланылмаған және қозғалыссыз қалған.
Нәтижесінде бұл қаржы пирамидасына 515 салымшы тартылып, 50 млн теңгеден астам қаражат жиналған.
Сот санкциясымен күдіктінің банктегі есепшоттарына тыйым салынды. Оған қатысты елден шығуға тыйым салу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды.