Қатты-жауын бірқатар аймақта толастамай тұр.
Пәкістанда муссон жаңбыры мен су тасқыны салдарынан қаза тапқандар саны 72 адамға жетті. Бұл туралы елдің Төтенше жағдайлармен күрес жөніндегі ұлттық басқармасы мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Анадолы агенттігінің хабарлауынша, қатты жауын-шашын Хайбер-Пахтунхва, Шығыс Пенджаб, Синд және Белуджистан сияқты провинцияларда жалғасып жатыр. 130-дан астам адам түрлі жарақат алған.
NDMA мәлімдемесіне сәйкес, жауын-шашын әлі де күшеюі мүмкін. Сол себепті жергілікті билік сақадай сай болуы керектігі айтылған.
Пәкістанда шілдеден бастап қыркүйекке дейін жалғасатын муссон жаңбырлары жыл сайын жүздеген адамның өмірін қиып, орасан зор материалдық шығын әкеледі.