Алматы қаласында Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) ұйымдастыруымен дзюдо төрешілеріне арналған халықаралық емтихан өз мәресіне жетті, деп хабарлайды inbusiness .kz сайты.

Қазақстанда үшінші рет өткізілген бұл маңызды іс-шара еліміздегі төрешілер даярлау жүйесінің жоғары деңгейін тағы бір мәрте көрсетті.

Қазақстан дзюдо федерациясының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, емтиханның практикалық кезеңі Бекет Махмұтовты еске алуға арналған жасөспірімдер мен жастар арасындағы Азия кубогы аясында өтті.

Аталған жарыста төрелік еткен 11 елден келген 19 төреші өз кәсіби біліктілігін дәлелдеді.

Қазақстандық төрешілер Тимур Ажимов (Ақтөбе облысы) пен Әділ Бисенқұлы (Маңғыстау облысы) сәтті нәтиже көрсетіп, IJF халықаралық санаттағы төреші (IJF International Category) атағына ие болды. Сондай-ақ Польша, Мысыр, Оңтүстік Корея, Ресей, Қырғызстан, Үндістан, Иран, Нидерланд, Жапония және Сауд Арабиясынан келген төрешілер де емтиханнан сүрінбей өтіп, халықаралық дәрежеге қол жеткізді.

Төрешілер жұмысына және емтихан барысына Халықаралық дзюдо федерациясының бас рефери директорлары Даниэл Ласкау мен Армен Багдасаров, Азия дзюдо одағының (JUA) бас төрешілер директоры Осака Акинабу мен JUA рефери-директоры Асхат Житкеев жетекшілік етті.

Айта кетерлігі, қазіргі таңда Қазақстанда 11 халықаралық, 17 континенталдық және 20 ұлттық дәрежедегі дзюдо төрешісі бар.