Белгілі кинорежиссёр, сценарист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, "Құрмет" және "Құрмет белгісі" ордендерінің иегері Сламбек Тілеуқабылұлы Тәуекел дүние өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Сламбек Тілеуқабылұлы – қазақ киноөнерінің дамуына елеулі үлес қосқан көрнекті тұлға. Тарихи-көркем фильмдердің бірқатарын дүниеге әкелген кәсіби режиссёр, білікті сценарист әрі продюсер ретінде ұлттық руханияттың өркендеуіне еңбек сіңірген өнер қайраткері. Сонымен қатар Қазақ ұлттық өнер университетінде ұзақ жылдар ұстаздық қызмет атқарып, жас мамандардың тәрбиесіне де зор үлес қосты.

Отандық кино тарихында, өнер мен мәдениет шежіресінде жарқын із қалдырған ардақты азаматтың ғибратты ғұмыры халқының жадында мәңгілік сақталады.

Сламбек Тәуекел 1948 жылы 2 сәуірде Павлодар облысында дүниеге келген.

Бүкілодақтық кинематография институтын бітірген ол еңбек жолын "Қазақфильм" киностудиясында бастайды. 1973-1974 жылдары Қазақ КСР Мемлекеттік кино комитетінің бөлім меңгерушісі болып еңбек етеді. 1974-1990 жылдары "Қазақфильм" киностудиясы директорының орынбасары, бірінші орынбасары, директоры, Қазақ КСР Мемлекеттік кинематография жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары болған.

Режиссёр өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басын шығармашылық жұмысқа арнаған. Сламбек Тәуекелдің атақты "Батыр Баян" фильмінің өмірге келуі де осы шаққа тұспа-тұс келеді. Батыр Баянның өмірі жайлы көпшілік ақын Мағжан Жұмабайұлының жырлары арқылы таныс. Ақынның өлеңін туындыға өзек етіп, тарихи фактілерді терең ақтарған режиссёрдің фильмін көрермен қауым жылы қабылдады.

Бұдан кейінгі кезеңдерде әр жылдары "Қазақкинофест" акционерлік қоғамының тең төрағасы, ҚР Мемлекеттік мәдениет және өнерді қолдау қорының атқарушы директоры, "Қазақстан теледидары және радиосы" РК" жабық АҚ-ның бас продюссері, басқарма төрағасының бірінші орынбасары, 2004-2005 жылдары — Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің төрағасы қызметтерін атқарды.

Ел ішіндегі өзекті мәселелерге үн қосып жүрген режиссёрдің деректі фильм саласында да қоржыны бос емес. "Армысың, Наурыз!", "Біздің киіз үй", "Террордың қанқұйлы іздері", "Асанәлі", "Сәтбаев" және басқа да деректі фильмдері мойындалған.