Ұлттық аспап туралы сөз қозғала қалса, Мұңлық пен Зарлық туралы аңыз сананы сілкілеп, ойыңды онға бөліп, жүрек пен жүйке тамырларын шырқырата түсетіні сөзсіз. Қос ішектен төгілген күй көңіл пернесін дөп басқанда, толқымайтын, шалқымайтын адам кемде-кем шығар. Ханға қаралы хабарды естірткен қасиетті аспаптың құдіретін сезінбеу әсте мүмкін емес. Кетбұғаның «Ақсақ құланынан» жеткен үн жүрегіңді жұлқылай түсетіні де даусыз.

Домбыра – түгел түркіге ортақ аспап. Қырғыздар комуз, моңғолдар домбор, түріктер томбра, түрікмендер дутар деп атайды демесеңіз, музыкалық аспаптың әр ұлт болмысына сай атқарар миссиясы бір екеніне ешкімнің таласы жоқ. Мыңжылдық бойы қазақ шаңырағының төрінде ілулі тұратын қасиетті аспаптың өн бойында көшпелілердің мұң-шері, көңілді көкке көтеретін әсерлі әуені тұнып тұр.

Қазақтың қара домбырасына аңсары ауған шеберлер еліміздің қай қиырында да баршылық. Тұтас ұлттың төлқұжатына айналған аспапты жасауға бел буған азамат­тардың жанкешті еңбегі кімді де болсын тамсандырмай қоймайды. Қасиетті аспапты ойдағыдай етіп жасау үшін ағашты дайындау, оны кептіру де­геніңіз мехнаты көп жұмыс екені анық. Ұсталар мұны талай рет майын тамызып айтқан да болатын. Алайда ананың құр­сағында жатып-ақ шертпе күй мен төкпе күйді сіңіретін қазақ баласы үшін қасиетті аспапты қадірлеу – азаматтық борыш.

Он саусағынан өнер саулаған Медет Омаров 21 жасынан бастап қазақтың қасиетті домбырасын жасауға ден қойып­ты. Қос ішекті аспапты дайындаудың қиындығы мол екенін айтқан ол 30 жылдан бері ұлттық аспап жасаудан жалықпаған. Кейіпкеріміздің айтуынша, өзі жан жүре­гімен таңдаған істен ләззат алады екен. Содан да болса керек, Қордайдың қоңыр желінен қуат алған Медеттің бойынан қазақтың қасиетті домбырасына деген шексіз махаббатты байқадық.

«Бабамыздың мұңысың сен, домбыра,

Анамыздың сырысың сен, домбыра,

Қазағымның жүрегінен жаралған,

Даламыздың үнісің сен, домбыра»,

деген өлең жолдары кімнің де болсын жанын тербейтіні, жүрегін жылытатыны дау­сыз. Ұлттың үніне айналған қасиетті аспап кез келген қазақтың төрінде тұруға тиіс деп ойлаймын.

Мен домбыраны емен, шырша, қарағай секілді қатты ағаштардан дайындаймын. Өйткені дәл осы ағаштарды пайда­лану арқылы жасалған аспаптың сапалы шығатыны белгілі. Қолына қасиетті аспапты ұстаған адам оның табиғи үнін сезінуге тиіс. Мен айтқан ағаштар сол үннің сақталуына сеп болады.

Қажетті ағашты алыс-жақын ауылдарға арнайы барып алып келемін. Домбыра жасауға арналған ағаш міндетті түрде күнге қақталуы, кебуі керек. Қажетті материал дайын болған кезде ғана домбыраның шанағы мен мойын ағашын әзірлейміз. Содан соң қалыпқа келтіріп, пешке күйдіру ісіне кірісеміз. Бірінші кезекте мойын ағашы қолға ұстауға ыңғайлы болуға тиіс», дейді шебер ұлттық аспапты жасаудағы әдісімен бөлісіп.

Шебердің айтуынша, домбыраның тұлыбы құралған соң оның құлағы орналасатын бас ағашты барынша мұ­қият орналастырған абзал. Оны желім­нің көмегімен жабыстырады екен. Одан кейін ою-өрнекпен әдіптеп, лак жағады. Соңында құлағын орнатып, орта тұсын тесіп, ішегін байлайды. Бұл жұ­мысқа едәуір уақыт кетеді. Медет Балта­байұлының қолынан шыққан сапалы аспапты тапсырыспен алатын тұтынушылар да баршылық.

«Қолымнан шыққан сапалы аспапты тұтынатын азаматтар жеткілікті. Домбыраның бағасы туралы айтатын болсақ, ол енді дайындалған материалына байланысты болады. Әдетте 30 мың теңгеден басталады. Ал ең қымбаты 100 мың теңгеге дейін барады. Ұлттық аспапты сапалы жасап шығару үшін табандылық, жанкештілік және икемділік қажет. Оған көп адамның шыдамы жете бермейді. Бұл іске аңсары ауған адам өз жұмысының жан­күйері болуы керек. Сонда ғана қолынан сапалы дүние шығады.

Әрбір адам өзі қалаған жұмысты істей­тіні әлімсақтан аян. Мәселен, менің кәсіби мамандығым – фотограф. Алайда домбыраға деген қызығушылық жаныма тыныштық бермеді. Ақыры сүйген ісіммен айналысуды жөн деп таптым. Қазақтың ұлттық аспабын жасау арқылы жаным тыныштық табады. Бір анығы, әр азамат өзі қалаған іспен айналысқанда ғана нәтижеге жетеді екен. Мұны анық түсіндім», дейді шебер ойымен бөлісіп.

Атадан балаға мирас болып қалған домбыра жасау ісін Медет Омаров жеке жүріп меңгерген жоқ. Оны ағасы Мұрат ата кәсіпке баулыпты. Ала таңнан қара кешке дейін ағасының қасында жүрген Медеттің өн бойында ұлттық аспапты жа­сауға деген қызығушылық күн өткен сайын арта түскен. Ақыры кәсіби мамандығын кері ысырып, ұлттық аспап жасау ісіне білек түре кірісіп кетіпті.

Медеттің айтуынша, бір домбыраны сапалы етіп жасау үшін 10 күнге жуық уақыт кетеді. Шебер ұзақ жылғы тәжірибесіне сүйене отырып, дәстүрлі қоңыр үн малдың ішегінен тартылған домбырадан ғана шығатынына көз жеткізіпті. Содан да болса керек, ұста өз қолынан шыққан аспапқа тек табиғи ішек тартуды әдетке айналдырған.

Ағасының қасында жүріп меңгерген ісін ол енді баласының бойына дарытуға күш салып жүр. Үлкен ұлы Талғат әке жолын қууға бекініп отыр. Ол әкесінің шебер­ханасынан алыстамайды. Домбыра жасаудың қыр-сырын үйреніп жүргеніне де біраз уақыт болыпты.

Медет осы жылы аумағы кең шеберхана ашуға ниеттеніп отыр. Ойға алған жобасын жүзеге асыру үшін мемлекеттік бағдар­ламаларға арқа сүйейтінін айтып қалды. Домбырадан бөлек, астау, керсен, тостаған сынды ыдыстарды, қазақы сандықтарды түрлі ағаштан әрлеп жасайтын ұстаның жобасына жергілікті билік қаншалықты қолдау көрсететінін уақытында біле жатармыз. Ең бастысы, ол – ісіне адал. Адалдық жолынан айнымаған азаматтың алар асуы алда екеніне күмәніміз жоқ.

Жамбыл облысы,

Қордай ауданы