Отандық боксшы Ермахан Жақыпбеков өзінің кәсіби мансабын аяқтағанын жариялады. 25 жастағы спортшы бұл туралы Instagram-дағы жеке парақшасында жазды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Семейлік боксшының өз кәсіби мансабын ерте аяқтауына алған жарақаты себеп көрінеді.

"Бәрі де Алланың қалауымен. Қандай жағдай болса да – Әлхамдулиллаһ. Мен өзімнің бокс мансабымды аяқтап жатырмын. Жарақат тоқтауға мәжбүр етті. Бокс — өмірімнің үлкен бөлігі болды. Ол маған күш-жігер, тәртіп, мінез және шынайы адамдарды сыйлады. Әр раунд, әрбір тер тамшысы, әрбір рингке шығу — мен үшін мақтаныш. Маған сенген жандарға алғысымды айтамын. Жеңісте де, жеңілісте де жанымда болғандарға рахмет. Мен бұл жолды ризашылықпен және тік көтерген басыммен аяқтаймын. Бұл — соңы емес, жаңа бастама. Жекпе-жек енді рингтен тыс жерде жалғасады", деп жазыпты Ермахан желіде.

Ермахан Жақыпбеков Астанада өткен 2023 жылғы "Елорда кубогы" халықаралық турнирінде Әлем чемпионын жер жастандырып сенсация жасаған болатын. Ол — жастар арасындағы екі дүркін Азия чемпионы, халықаралық деңгейдегі спорт шебері.

Бұған дейін Сағындық Тоғамбай бокстан елордадағы Әлем кубогының 1/4 финалында жеңіліп қалғанын жазғанбыз.