Ол қолындағы бақылау білезігіне қасақана зақым келтірген.

Павлодардың Ақсу қаласында пробация қызметінің есебінде тұрған, сотталған азамат электрондық бақылау құралын бүлдіргені үшін бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Аталған дерекке байланысты Ақсу қаласының пробация қызметі тиісті ұсыныс енгізіп, Ақсу қаласының мамандандырылған ауданаралық соты бұл ұсынысты қолдаған.

– Ақсу қаласының пробация қызметінде есепте тұрған сотталған азамат сот жүктеген міндеттерді жүйелі түрде бұзған. Электрондық білезік тағылғанына қарамастан, ол пробация қызметін хабардар етпестен бірнеше рет қала шегінен өз бетімен шығып кеткен. Сонымен қатар, ол қасақана электрондық бақылау құралын зақымдаған, – деп хабарлады Павлодар облысы полиция департаменті.

Жазаның өтелмеген бөлігін бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырды. Сотталған азамат жазасын одан әрі өтеу үшін бас бостандығынан айыру орындарына жіберілді.