Алматы облысының Қарасай ауданына қарасты Кемертоған ауылының тұрғындары жергілікті атқарушы билік өкілдері мен Мәжіліс депутаттарынан ауызсу мәселесін шешуді сұрап отыр, деп хабарлайды 24kz.

Өйткені тұрғындар саны қырық мыңға жеткенімен, елді мекендегі үйлердің 20%-і ғана орталықтандырылған ауызсу жүйесімен қамтылған. Жарық жиі өшетіндіктен су болмай қалады. Көбі ауласынан құдық қазып, амалдап отыр. Алайда тіршілік нәрінің сапасы өте нашар. Кемертоғанға ауызсу құбырын тарту бойынша жаңа жоба жасалып, құжаттамасы әзірленді. Тиісті қаржы бөлініп, жоба ойдағыдай жүзеге аса бастаса, ауыл ішіне ұзындығы 185 шақырым болатын ауызсу құбыры тартылады.

Ерубек Егеубеков, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

- Жерден алған су 13-14 метрден алынады. Оның сапасы жоқ, техникалық су. Енді мынау жаңағы 185 шақырым деп тұр ғой, қазіргі таңда 600 млн осы біздің жергілікті бюджеттен алынып салынады. Қалған 4,2 млрд теңгені осы депутаттар бізге шешіп берсе деп сұраудамыз.

Данияр Қасқарауов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- 4,8 млрд теңге қаражат қажет. Оны министрмен сөйлестік. Қазіргі уақытта облыспен, ауданмен тығыз қарым-қатынаста сөйлесіп, алғашқы 600 млн теңгені облыс бөледі. Содан ары қарай тоқтап қалмай, дер кезінде, себебі оған да біраз уақыт кетеді. Бір-екі жыл уақыт кетіп қалуы мүмкін. Алдағы уақытта бұл су тапшылығы одан да қатты сезілуі мүмкін. Сол себепті тез арада, шұғыл арада шешу керек. Бұл ақшаны алдағы уақытта мемлекеттен міндетті түрде бөлдіртеміз.