Елімізде криптовалюта жарнамасына қатысты талаптар күшейтілмек. Енді криптоактивтерді насихаттаған тұлғалар әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат поратлы.

Оның айтуынша, «Жасанды интеллект туралы» ҚР Заңының жобасына ілеспе заң жобасы аясында бірқатар маңызды түзетулер енгізіледі. Солардың қатарында криптовалюта нарығын реттеуге бағытталған нормалар бар.

Жаңа түзетулерге сәйкес, криптопровайдерлер арқылы жүргізілетін операциялар заңдық тұрғыдан нақты бақыланып, заңсыз әрекеттерге жол бергендерге жаза қарастырылады.

Мамандардың айтуынша, бұл бастама еліміздегі қаржылық қауіпсіздікті арттыруға бағытталған. Себебі соңғы уақытта әлеуметтік желілер мен онлайн платформаларда криптовалютаға қатысты жарнама мен кеңес беруші коучтардың саны күрт артқан.

Жаңа талаптар блогерлер мен өзге де ықпал етуші тұлғалардың крипто нарығына қатысты әрекеттерін заң аясында реттеуге мүмкіндік береді.