Парламент атқарушы билікке 625 сауал жолдаған.

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов депутаттық сауалдарға берілетін жауаптар мәселесіне тоқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Депутаттық сауалдарға берілетін жауаптар мәселесін де арнайы айта кеткім келеді. Осы сессия барысында мемлекеттік органдарға 625 сауал жолданды. Әр сауалдың артында халықты толғандыратын мәселе тұратыны белгілі. Алайда, оларға берілген жауаптардың мазмұны мен сапасына көңіл тола бермейді. Тағы да жаңа сұрақтар туындатады. Бұл жағдай кейде депутаттарды мемлекеттік органға қайта жүгінуге мәжбүр етеді. Біз Үкіметпен бірге осы мәселелерді жүйелі шешуіміз керек", – деді Мәжіліс спикері Парламенттің бірлескен отырысында.

Оның айтуынша, келесі сессияда Үкімет мүшелерін арнайы шақырып, бұл мәселелерді талқылау жоспарда бар.

Ерлан Қошанов мемлекеттік органдар мен депутаттық корпустың бірлескен жұмысының жақсы үлгілері бар екенін де еске салды.

Осы сессияда Парламент депутаттары 500-ден аса елді мекенге барып, азаматтармен 1200 кездесу өткізді.