Түркияның Коджаэли қаласында еркін күрестен әлемнің үздік балуандары бас қосқан Yasar Dogu 2025 халықаралық рейтингілік турнирі өз мәресіне жетті.
Қазақстан қоржынына екі бірдей алтын медальды ел намысын қорғаған балуандар — Нұрқожа Қайпанов (74 кг) пен Ризабек Айтмұхан (97 кг) салды.
Нұрқожа Қайпанов финалда Болгария атынан өнер көрсеткен Рамазан Рамазановты 5:0 есебімен айқын жеңіп, шеберлігін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Ризабек Айтмұхан да турнирді жоғары деңгейде өткізді. Ол шешуші белдесуде болгариялық балуан Ахмед Магамаевты 7:2 есебімен тізе бүктіріп, алтыннан алқа тақты.
Тағы бір отандасымыз, 92 келі салмақта белдескен Азамат Дәулетбеков финалда Әзербайжан елінің өкілі Әли Цокаевқа 0:3 есебімен есе жіберіп, күміс медаль еншіледі.