Әлеуметтік желіде тіркелген балаларға бірыңғай мемлекеттік бақылау жүйесі жаппай енгізіліп жатыр.

Осы мақсатта Қазақстанда балаларға арналған бөлек SIM-карталар енгізілді. Осы арқылы мемлекет суицидті насихаттау және есірткі секілді интернеттегі қауіпті контенттен балаларды қорғауға ниетті.

Жалпы, шенеуніктер жасөспірімдердің әлеуметтік желілерді пайдалануын заңнамалық реттеуге мықтап кірісіпті.

Осының алдында "AMANAT" партиясы фракциясының бір топ депутаты Үкіметке ұсыныстар енгізген болатын. Үкіметтің олардың кейбірін қабылдағаны, кейбірін құптамай тастағаны енді белгілі болды.

Мысалы, мәжілісмендер Оқу-ағарту, Мәдениет және ақпарат, Цифрлық даму министрліктеріне ведомствоаралық топ құрып, әлеужелілердің өскелең ұрпаққа тигізетін зиянын жан-жақты сараптап, арнайы заң жобасын әзірлеуді сұрады.

Негізі, кез келген заңды қабылдаймын десе, ол депутаттардың өз қолында. Дегенмен, өзінен сұраған соң, Үкімет ондай жеке заңға қажеттілік жоқ деген байламын білдірді. Оның үстіне бұл бағыттағы тыйым салушы заңдардың бәрін кейінгі жылдары Парламенттің өзі қаптатып қабылдап та қойған екен.

Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев Үкіметтің Парламентпен бірлесіп, соңғы 2 жылда бұқаралық ақпарат құралдарында және онлайн-платформаларда заңсыз ақпараттарды таратуға тыйым салатын бірқатар заңдарға өмірге жолдама бергенін депутаттардың есіне салды.

Оның арасында ел тарихында бұрын болмаған "Масс-медиа туралы", "Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы", "Балалардың денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы", "Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы" және басқалары бар.

"Бұл заңдарда балаларды қорғауға бағытталған нормалар бекітілген. Бұзушылықтарды анықтау үшін бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн-платформалардың ақпараттарына тұрақты негізде мониторинг жүргізіледі. Қазіргі уақытта Мәдениет және ақпарат министрлігі республика аумағында танымал онлайн-платформалармен ынтымақтастық орнатып, әлеуметтік желілердегі теріс контентті жою бойынша жұмыс жүргізуде", – деді Ермек Беделбайұлы.

Сонымен бірге, "Байланыс туралы" заңға сәйкес, желілерді және байланыс құралдарын жеке адамның, қоғамның және мемлекеттің мүдделеріне нұқсан келтіретін қылмыстық мақсаттарда пайдаланған жағдайларда желілердің және байланыс құралдарының жұмысын тоқтата тұру тәртібі көзделген. Бұрын мұндай қатаң жаза болмаған!

"Осылайша, қолданыстағы заңдармен әлеуметтік желілердің өскелең ұрпаққа тигізетін зиянын реттеу, қадағалау және жою шаралары қарастырылған", – деді вице-премьер.

Депутаттар сондай-ақ жас ұрпаққа жаппай "санкция" енгізуді ұсынды. Салдарынан олар интернетте ұзақ отыра алмайды.

"Әлеуметтік желілер мен онлайн ойындарды пайдалану бойынша жас шектеулерін енгізу қажет. Сондай-ақ, кәмелетке толмағандарға гаджеттерді пайдалану уақытын қатаң белгілейтін ұсыныс әзірленсін. Ата-аналар үшін балаларының интернет әлеміндегі іс-әрекеттерін, өткізген уақытын қадағалауға мүмкіндік беретін бірыңғай мемлекеттік бақылау жүйесін құруды ұсынамыз", – деді Мәжіліс депутаттары.

Үкімет жас қазақстандықтарға шектеу енгізуді мақұлдаған көрінеді. Премьердің орынбасары ел Парламентінің бұл бағытта да заңдарды қабылдап қойғанына назар аудартты. Енді тек шектеуді күшейтетін тетіктерді іске қосса жеткілікті. Бәрі техникалық жұмыстарға тіреліп тұр.

Сонымен бірге, құзырлы органдар балалар мен жасөспірімдер үшін қауіпсіз цифрлық орта құру мақсатында заң бұзушылықтарға, соның ішінде қатыгездік пен зорлық-зомбылық, суицидтік ниет, порнография, есірткі, психотроптық заттар таратуға қарсы интернет желісінде мониторингті тұрақты негізде жүзеге асыратыны айтылды.

ТикТок – шектеудің көшбасшысы

Оқу-ағарту министрлігі балалардың дүниетанымын, рухани, адамгершілік тәрбиесін қалыптастыруға әлеужелілердің теріс әсерін азайтуға бағытталған жұмыстар жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Әсіресе, қазақстандық балалар арасында танымалдылығы жөнінен алғашқы орындардың бірін алатын қытайлық TikTok платформасы Үкіметпен ынтымақтасып, шектеу шараларын молынан енгізуде.

"Осы мақсатта "TikTok" платформасы тек 13 жасқа толған пайдаланушыларды ғана тіркеуді әзірледі. Автоматты және қолмен модерацияны қолданып, заңсыз мазмұнды анықтау және шектеу алгоритмі жасалды. Модератор топтары пайдаланушыларға қауіп төндіретін және заңнама нормаларын бұзатын материалдар анықтаған жағдайда, ол автоматты түрде жойылады", – деді Ермек Көшербаев.

"TikTok" параметрлерінде балалардың қауіпсіздігі үшін ата-аналар "Родительский контроль" бағдарламасына қосылып, "Семейные настройки" бағдарламасы арқылы бақылау үшін өз есептік жазбасын жасөспірімнің есептік жазбасымен байланыстыра алады.

Ата-аналар енді баласының TikTok-та отыру уақытын шектей алады. Есептік жазбаның құпиялылығын, жеке хабарламаларды орнату мүмкіндігі бар. "TikTok" онлайн платформасының ішкі ережесіне сәйкес, енді онда 13 жастан асқан адамдар ғана тіркеле алады және платформадағы кейбір мүмкіндік-опциялар кәмелетке толмаған жастар үшін қолжетімсіз болып қалған.

"TikTok" платформасын пайдаланушылар экран уақытын 40, 60 минут, бір жарым сағат немесе кез келген басқа уақытқа орнату арқылы жасөспірімдердің оны пайдалану уақытын шектей алады.

Рұқсат етілген шектеулер аяқталса, жасөспірімнен әлеужеліні пайдалануды жалғастыру үшін құпия сөзді енгізу сұралады. 13 жасқа толмаған пайдаланушылар ата-аналары немесе қамқоршылары құпия сөзді енгізген жағдайда ғана қосымшаны тағы 30 минутқа қоса алады.

Ата-аналар белгіленген кесте бойынша "TikTok" хабарландыруларын өшіре алады. Атап айтқанда, 13 пен 15 жас аралығындағы пайдаланушылар 21:00-ден бастап, ал 16-17 жас аралығындағы жасөспірімдер 22:00-ден бастап таңға дейін хабарлама ала алмайды.

Үкімет ата-аналарға балалардың интернеттегі іс-әрекеттерін, өткізген уақытын қадағалауға мүмкіндік беретін "Бірыңғай мемлекеттік бақылау жүйесін" құру бағытында жұмыс жүргізіп жатқаны мәлім болды.

Бұл ретте әлеужелілер, онлайн-платформалар ақпараттық қауіпсіздікті қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі ережелерді басшылыққа алады. Бұл ережелер ықтимал тәуекелдер мен қауіптерді азайту үшін үнемі жетілдіріліп отырады.

"Осы орайда бүгінде Оқу-ағарту министрлігі Қазақстанда балалар SIM-картасын енгізу мәселесін пысықтады. Арнайы SIM картаның көмегімен ата-аналар балаларын бақылап, олардың онлайн уақытын шектей алатын болады. Мұқият талдау жүргізіп, халықаралық тәжірибені зерделегеннен кейін бұл бастама заңнамалық деңгейде бекітіледі", – деді Премьердің орынбасары Ермек Көшербаев.

Бұл жаңалыққа осының алдында Бас прокурор Берік Асылов та тоқталған болатын. Оның тапсырмасымен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу жөніндегі кешенді жоспарға кәмелетке толмағандарды интернеттегі деструктивті контенттің зиянды әсерінен қорғауға бағытталған ұсыныстар әзірленді. Қазіргі уақытта бұл ұсыныстар Үкіметтің қарауында.

"Біз өз тарапымыздан бұл шараларды жүзеге асыруға кірістік. Мәселен, Алматы қаласында прокуратура TELE2/ALTEL байланыс операторымен бірігіп, "SIM KIDS" атты пилоттық жобаны іске қосты. Бұл – суицидті насихаттау, порнография, есірткі, онлайн-казино және өзге де интернет-қатерлерден қорғайтын арнайы балаларға арналған сим-карта", – деп хабарлады Бас прокурор Асылов.

Оның көмегімен ата-ана баласының қандай қосымшаны пайдаланып жүргенін бақылап, зиянды сайттарға қолжетімділікті шектей алады.

Берік Асыловтың мәліметінше, сынақ кезеңі аяқталған соң бұл сим-карта еліміз бойынша қолжетімді болады.

Қазақстанда балалар үшін әлеуметтік желіні шектеу авторларының бірі, Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантай психологтарға сілтеп, әлеужелілер жастар арасында депрессияны күшейтіп, зейін аудару қабілетін төмендетіп, тәуелділік тудыратынын, адамдар арасындағы шынайы қарым-қатынасты әлсірететінін алға тартты.

Депутаттың дерегінше, жасөспірімдердің 74%-ы – TikTok-ты, 59%-ы – YouTube-ты, 57%-ы – Instagram-ды белсенді пайдаланады. Әрбір бесінші ата-ана өз баласының әлеуметтік желілердегі парақшасында қандай ақпарат жарияланғанын білмейді.

Ата-аналардың 62%-ы балаларының экран алдындағы уақытын бақылау үшін ешқандай арнайы бағдарлама мен шектеу қолданбайды. 4-6 жастағы балалардың 17%-ы электронды сауда-саттық жасайды.

Сондықтан мәжілісмен елде Қытайдың үлгісін енгізуді жөн санайды.

"Желіге желіккендер психологиялық, физикалық, әлеуметтік қиындыққа тап келуде. Қытайда 2023 жылы кәмелетке толмағандардың мобильді құрылғыларды қолдануын реттейтін заң жобасы қабылданды. Оған сәйкес, балаларға кешкі 22:00-ден таңғы 6:00-ге дейін смартфондарды пайдалануға тыйым салынды. Ел болашағын, өскелең ұрпақ қамын ойласақ, онда қазірден бастап нақты шешімдер қабылдауымыз қажет. Яғни, жасөспірімдердің әлеуметтік желілерді пайдалануын заңмен реттеу керек", – деді мәжілісмен.