Аталған ел ШЫҰ-ның бірлескен декларациясына қол қоюдан бас тартты, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Үндістан бұл құжатты "Пәкістанды жақтайтын риторикасы бар" деп айыптап, "қосарланған стандарттарға" келіспеген. Осылайша елдің қорғаныс министрі Раджнатх Сингх Қытайдың Циндао қаласында өткен ШЫҰ отырысының қорытынды мәлімдемесіне қол қойған жоқ. Бұған себеп ретінде ол 22 сәуір күні Үндістанның Джамму мен Кашмир аймағында болған лаңкестік шабуылдың құжатта мүлде айтылмауын алға тартқан.

"Қосарланған стандарттарға орын болмауы керек. ШЫҰ терроризмді қолдайтын елдерді нақты айыптауға тиіс", — деді Сингх.

AP агенттігінің дерегінше, ол бұл декларация Үндістанның аймақтық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі ұстанымын әлсірететінін атап өтті. Делидің пікірінше, құжатта Пәкістанның Белуджистан аймағындағы содырлар әрекеті атап өтілгенімен, Үндістан аумағындағы шабуылдар туралы ештеңе көрсетілмеген. Сондықтан Делиде бұл құжат "Пәкістандық баяндауды" алға тартады деп есептейді.