Қазақстанда салық органдары алдын ала толтырылған декларацияға көшуді жоспарлап отыр, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Алғашқы кезеңде бұл (2026 жылдан бастап) шағын бизнесті қамтиды. Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың айтуынша, алдын ала толтырылған декларацияларға көшу – бизнестің бастамасы емес, салық әкімшілігін цифрландыруға бағытталған жаһандық тренд.
"Бұл бизнестің қалауы емес, бәрі осыған келеді. Әлем цифрландыруға бет алды. Жаңа Салық кодексі шеңберінде алдын ала толтыру элементтері қарастырылған. Келесі жылдан бастап шағын бизнес үшін алдын ала толтырылған формаларды ұсынамыз, ал болашақта бұл функцияны кеңейтеміз", — деді Біржанов.
Вице-министрдің сөзінше, ірі бизнес үшін "Көлденең мониторинг" жобасы іске қосылған. Жоба шеңберінде салық органдары мен компаниялар онлайн деректер алмасу режимінде жұмыс істейді. Ірі кәсіпорындар барлық ішкі есеп пен құжаттарын ұсынады, сонда кейін декларация тапсыру қажеттілігі болмайды.
Сонымен қатар, алдын ала толтырылған декларация салық төлеушінің жауапкершілігін толық мемлекетке аудару дегенді білдірмейді. Деректер салық органдары мен басқа мемлекеттік және қаржы институттарынан алынған ақпарат негізінде құрастырылады және салық төлеушіге қызмет ретінде ұсынылады.
Салық төлеуші декларацияны қабылдап, түзетулер енгізе алады. Біржановтың айтуынша, алдын ала толтырылған форма шамамен 90 пайыз дайын болады, бірақ түзетулер енгізу құқығы сақталады.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!