«Заң мен тәртіп» апталығы аясында елімізде сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру және азаматтардың құқық бұзушылық туралы хабарлауға дайындығын арттыру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде, деп хабарлайды El.kz интернет порталы .
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі қоғамда заңдылық пен тәртіпті нығайту, сондай-ақ жемқорлықты дер кезінде анықтап, жолын кесу үшін жүйелі шаралар қабылдап келеді. Бұл бағыттағы күрестің тиімділігі азаматтардың белсенді қатысуына тікелей байланысты болып отыр.
Мемлекет сыбайлас жемқорлық деректері туралы хабарлаған азаматтарды ынталандыру тетіктерін де қарастырған. Егер хабарланған құқықбұзушылық бойынша кінәлі тұлғаға қатысты айыптау үкімі заңды күшіне енсе, хабар берген тұлғаға біржолғы сыйақы төленеді. Бұл сыйақының мөлшері анықталған пара немесе келтірілген залал сомасының 10 пайызына дейін, бірақ 4 мың АЕК-тен (2025 жылы шамамен 15,7 млн теңге) аспайды.
2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында Агенттіктің аумақтық департаменттері тарапынан 41 азаматқа сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлағаны үшін жалпы 19,9 млн теңге көлемінде сыйақы төленді. Олардың ішінде 19 мемлекеттік қызметші арнайы марапатқа ие болды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет азаматтардың құпиялылығын қатаң сақтайды. Мұндай азаматтар заң жүзінде мемлекет қорғауына алынады: олардың жеке қауіпсіздігі, еңбек құқықтары мен жұмыс орны қорғалады. Сонымен қатар, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілінің қатысуынсыз тәртіптік жазаға тартуға немесе жұмыстан шығаруға жол берілмейді.
Сыбайлас жемқорлық туралы маңызды ақпаратқа ие азаматтар 1424 нөмірі арқылы Call-орталыққа немесе WhatsApp желісіндегі +7 (777) 000-14-24 нөміріне хабарласу арқылы құқық қорғау органдарына көмек көрсете алады.