Жауапкершілік қатаңдатылды.
Енді түрлі айла-тәсілді қолданып, бопсалап, жігітті үйленуге мәжбүрлеген қыз-келіншектер жауапқа тартылады, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Яғни, некеге тұруға күштегені үшін кемі екі жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін, немесе 8 миллион теңге көлемінде айыпұл төлейді.
Сенат мақұлдаған жаңа заң әйелдің де, ердің де құқын қорғауға бағытталып отыр. Осылайша, кейінгі жылдары өзектігі артып, қоғамның қызу талқысына түскен қыз алып қашу мәселесіне де нүкте қойылып отыр. Жаңа нормаға сәйкес адамның еркінен тыс некеге тұруға итермелеу ауыр қылмыс болып саналады. Сәйкесінше, жауапкершілік те қатаңдатылды.
Мәселен, бұрымдыны алып қашса – жаза жеті жылды құрайды, немесе 20 миллион теңге мөлшерінде айыппұл арқалайды. Ал бұл әрекетті топ болып жасаса не не күш қолданса, үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Егер алып қашу барысында қыз қаза болып, немесе денсаулығына ауыр зиян келсе, қылмыскер 10 жылын түзеу мекемесінде өткізбек. Ең бастысы – алып қашқан адам райынан қайтып, бойжеткенді босатса да қылмыстық жауапкершіліктен құтылмайды. Демек, татуласуға мүмкіндік жоқ.