Бүгін Сенат тиісті құжатты ратификациялады.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Досжан Мұсалиев 2027 жылдың соңына дейін ауылдардың 99 пайызы сапалы интернетпен қамтылатынын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"2027 жылдың соңына дейін ауылдардың 99 пайызы сапалы интернетпен қамтылады. Бұл – "Қолжетімді интернет" жобасының тек қана бір бөлігі", – деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі.
Тілшілер ауылдық жерлердегі интернет тарифі қандай болады деп сұрады.
"Ауылдық елдімекен болғандықтан, біз 50 пайызын субсидиялап отырмыз. Сондықтан біздің болжамымыз бойынша тарифтер 5 мың теңгеден басталады. Ал енді одан жоғары жылдамдық керек болса, үлкен интернет пакеттері керек болса, онда тариф құны кішкене қымбаттырақ болады. Оптика тартылған үйге сапалы интернет келеді", – деді вице-министр Сенат кулуарында.
Айта кету керек, бұған дейін 1123 ауылға жоғары жылдамдықты интернет тартылатынын жазған болатынбыз.