Бүгінгі Сенат отырысында сенатор Серік Шайдаров Үкіметке ел экономикасының өзекті мәселелеріне қатысты бірқатар өткір сауал жолдады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Оның айтуынша, 2024 жылы қаржы тапшылығы салдарынан ондаған инфрақұрылымдық жоба аяқсыз қалған. Әсіресе, жылу, су және кәріз жүйелеріне қатысты жобалар тоқтап тұр.

Сенатордың сөзінше, жобалардың аяқталмауына республикалық бюджеттің мүмкіндігі шектеулі болуы мен бақылау шотындағы қаржының жеткіліксіздігі себеп болған. Ресми дерекке сүйенсек, 2024 жылы трансферттерді есепке алмағанда, бюджет кірісі 2023 жылмен салыстырғанда 1 триллион теңгеге кеміген. Оның ішінде салық түсімдері 605 миллиард теңгеге азайып отыр.

"Бұл – жалпы кіріс жоспары 2 триллион теңгеге қысқартылғанына қарамастан тіркелген құлдырау. – Осындай жағдайда келесі жылғы бюджеттің кіріс бөлігі қалай орындалады? Бұл – ашық қалып отырған маңызды сұрақ", – деді сенатор Шайдаров.

Оның сауалына жауап берген Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жылдың алғашқы бес айында кірістер жоспары 100,5 пайызға орындалғанын алға тартты. Алайда ол мұнай мен металл бағасының құбылмалы екенін ескертті. Мәселен, биылғы бюджет жоспарланғанда Brent маркалы мұнайдың бір баррелі 75 доллар болады деп болжанған. Доллар бағамы – 470 теңге.

Бірақ қазір бұл көрсеткіштерден ауытқу бар. – Бірінші тоқсанда мұнай бағасы жоспарға сай болды, ал екінші тоқсанда төмендей бастады. Бұл, әрине, бюджетке тікелей әсер етеді. Бірақ сонымен қатар металл экспорты бойынша оң динамика байқалып отыр, – деді министр. Оның айтуынша, салықтық және кедендік әкімшілендіруді цифрландыру арқылы қосымша 400 миллиард теңге түсім түскен.

Бұл – салықтық бақылау жүйесінің тиімділігін көрсететін маңызды көрсеткіш. Дегенмен Жұманғарин экономикалық ахуалға ықпал ететін сыртқы факторлар барын, олар ішкі қаржы жүйесіне әсер ететінін жоққа шығармады. Сондықтан бюджеттік параметрлер қайта қаралуы мүмкін екенін де ескертті.