Әр өңірлік мемлекеттік университетке өзінің нақты мамандандырылған серіктесі анықталды.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек елдегі білім сапасы алдағы жылдары жаңа деңгейге көтерілетінін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"2024 жылы министрліктің бюджеті 5 рет өзгертілген. 661 млрд 500 млн теңгені құраған қаражат көлемі соңғы 3 жылда 1,7 есеге артқан. Игеру 99,9 пайызды құрады. Дегенмен оның тиімділігі қандай? Одан әрі ЖОО қабылдаудың механизмі ҰБТ тапсырмаған, сондай-ақ педагогикалық мамандықтарға түсу үшін шекті 75 балл жинамаған мектеп түлектеріне басқа ЖОО-ға ауысу жолымен ақалы негізде оқып, білім алуға мүмкіндік береді. Мәселен, 2024 жылы ақылы негізде оқитын 18 мың студент педагогикалық мамандықтарға қабылдау шарттарын орындамаған. Оның ішінде 5300 студент ҰБТ-дан 75 балдан кем жинаған. Ал 12700 студент ҰБТ-дан өткен жоқ", – деді сенатор Талғат Жүнісов.
Оның айтуынша, 10 ЖОО республикалық бюджеттен 17 млрд теңге қаражатқа мемлекеттік тапсырыс алды. Депутат түлектерді педагогикалық мамандықтарға тартуда, сұранысқа ие мамандарды даярлауда аталған кемшіліктерді жою керек деп есептейді.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің сөзінше, білім саласында көптеген жаңашылдықтар енгізілді.
"Шын мәнінде де, қалыптасқан бұрынғыдай ереже бойынша ҰБТ-сыз жоғары оқу орындары белгілі санаттар ақылы немесе грантқа тұруға мүмкіндік болған еді. ҰБТ-сыз шекті 75 балды алмаған жағдайда бір жыл ішінде шартты түрде оқуын жалғастырады, бірақ ҰБТ-ны алмаған жағдайда шығарылады деген процедура болған. Оны алып тастадық. Сапаға тиетін бір процедура болған. Толыққанды қарастырылып, бүкіл шарттар өзгеріп кеткенін нақты айта аламын", – деді министр.
Сөзінше, "Серпін" бағдарламасында да былтыр үлкен жұмыс атқарылды. Бағдарламаның шарттары да, ережелері де жаңадан қаралды.
"Біріншіден, колледждерден де келуге мүмкіндік қарастырылды. Жұмыс мерзімі үш жылдан екі жылға шектелді. Тек қана мемлекеттік емес. жекеменшік компанияға да жұмысқа тұруға рұқсат бердік. Сол бірден эффектін берді. Жыл басында 60 пайызға дейін жұмыспен қамтамасыз етілді. Әр өңірде жобалық офистер құрылды. Енді жұмыспен қамтамасыз ету және сол өңірлік еңбек нарығының тапшылығы да ескерілетін болады. "Серпін" бағдарламасын жаңа жолға қоямыз деген үмітіміз бар. Соңғы бес жылда жұмыспен қамтамасыз ету 40 пайыздан асқан жоқ.
(...) Шетелдік мықты фиалиалдарды әкеліп жатырмыз. 23 филиал ашылды. Биыл қыркүйекте тағы 10 филиал ашылады. Жалпы 39 филиал ашатын боламыз. Әр өңірлік мемлекеттік университетке өзінің нақты мамандандырылған серіктесін таптық. Сондықтан бұл эффектіні 2-3 жыл ішінде көресіздер. Білім сапасы жақсы, жаңа деңгейге көтеріледі. Педагогтарды даярлау мазмұны үрдісі де басқа модельмен бастадық. Сондықтан білім сапасын көтеруге жүйелі қаржыландыру жағынан, мазмұн жағынан шаралар атқаралып келе жатыр. Оның нақты нәтижелерін бір-екі жылдың ішінде көретін боласыздар", – деп мәлімдеді Саясат Нұрбек.