Бұл жерде әңгіме Өзбекстанның тұңғыш атом станциясы туралы болып отырғанын бірден нақтылаған жөн.
"Росатом" Өзбекстанда тек кіші ғана емес, енді үлкен АЭС те салуды жоспарлады.
Бұл туралы ресейлік ақпарат құралдарының мәліметіне сілтеп, өзбектің "Podrobno.uz" агенттігі хабарлады.
"Өзбекстандағы атом электр станциясының құрылысы жобасын "Росатом" ресейлік мемлекеттік корпорациясы күрт кеңейтті. Енді тек шағын ғана емес, сонымен бірге үлкен АЭС-ті де тұрғызу жоспарланып отыр", – деп хабарлады өзбектің ақпарат агенттігінің тілшісі.
Оның хабарлауынша, 2025 жылы екі елдің президенттері атом жобасы бойынша ынтымақтастық форматын кеңейту туралы шешім қабылдады.
Оған сәйкес, болашақта қос блокты және шағын қуаттылықтағы атом станциясы сыртында, қос блокты және үлкен қуаттылықтағы атом станциясы да салынатын болады.
Ақпарат құралдары бұл жерде Өзбекстандағы үлкен АЭС-тің құрылысының мерзімдері, қашан басталып, қашан аяқталатыны нақтыланбағанына назар аудартты.
Таяуда "Росатом" бас директоры Алексей Лихачев журналисттердің тиісті сұрағына нақты жауап бере алмады. Тек компания "Өзбекстандағы шағын АЭС-тің іргетасының бетоны шамамен бір жылдан кейін құйылады деп үміттеніп отырғанын" жеткізді.
"Росатом" дерегінше, шағын қуаттылықтағы атом станциясы 6 реактордан құралады, жалпы қуаты 330 МВт болады. Ресейлік РИТМ-200Н маркалы 6 реактордың әрқайсысының қуаты – 55 мегаватт. Оның біріншісін қолданысқа беру 60 айдан (5 жыл) ерте жүзеге аспайды.
Алексей Лихачевтің мәлімдеуінше, "Росатом" өзбек АЭС-іне кеңестік атомдық мұзжарғыш кемелерінде орнатылған РИТМ-200Н сулы-ядролық реакторларды орнататын болады.
Өзбекстанда шағын АЭС салу жобасы туралы келісімге екі ел 2024 жылғы көктемде қол қойды. Содан бері бір жылдан астам уақыт өтті. Құрылыс 2025 жылғы жазда басталады және 2033 жылы толық іске қосылады деп жоспарланған.
Өзбекстан Атом энергиясы агенттігінің директоры Әзім Ахмедхаджаевтың байламынша, шағын қуаттылықтағы атом станциясының бірқатар артықшылығы бар. Бірінші кезекте, теорияда, үлкен АЭС-ке қарағанда ол тез салынып, барынша қысқа мерзімде іске қосылады.
Бұған қоса, су ресурстарын да салыстырмалы түрде азырақ тұтынады. МАГАТЭ дерегінше, бүкіл әлемде шамамен 50 шағын АЭС жобасы пысықталуда.
Өзбекстанда алдымен шағын қуаттылықтағы атом станциясының құрылыс-монтаждау базасы құрылуға тиіс. Ол бүкіл қажетті инфрақұрылымды қамтамасыз ететін басты объектіге айналады.
Аталған база аумағында әкімшілік ғимараттар, өндірістік орынжайлар, қоймалар, алып жабдықтарды құрастыруға арналған алаңдар және басқасы тұрғызылуға тиіс.
Өзбек журналисттері ол жақта вахталық қалашық, жобалық штаб жасақталып жатқанын жазады. Алайда негізгі жұмыстар басталмағандықтан жергілікті қанша жұмысшыны алатыны да беймәлім.
Тағы бір қиындығы сол, санкциядан Мәскеу шағын АЭС салу үшін арзан кредит беруден аяқ тартты. Сондықтан АЭС құрылысын, барлық шығындарды Өзбекстан өз мойнына алуға мәжбүр.
АЭС құрылысын Ресейдің өзі жүргізеді, құрылыс материалдарын, жабдықтарын, реакторды және басқасын Ресейден тасиды. Осы мақсатта "Росатомның" инжинирингтік дивизионы – "Атомстройэкспорт" бас мердігер ретінде бекітілді.