Израиль мен Иранның қарулы шабуылдарынан соң Түркия өзіне тиесілі ұшақтарды қауіпсіз аймақтармен ұшыруға көшті, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Түрік әуе компаниялары қауіпсіздік мақсатында ұшу бағыттары қауіпті аймақтарды айналып өтуге көшті. Бұл туралы Түркияның көлік және инфрақұрылым министрі Абдулкадир Уралоғлу әлеуметтік желіде хабарлады.

Әзірге Израиль, Иран, Сирия және Ирактың әуе кеңістігі Израильдің жасаған соққылары мен аймақтағы қауіпсіздікке төнген қатердің артуына байланысты уақытша жабылыпты.

Министр нақтылап өткендей, Израиль, Тегеран және Бағдад үстіндегі әуе кеңістіктері арнайы жарияланған хабарламалар аясында жабылады.

"Оқиғаларға байланысты Азаматтық авиация бас басқармасы және тиісті әуе компаниялары барлық қажетті шараны қабылдады. Ұшу бағыттары қауіпті аймақтардан айналып өтетіндей қайта жоспарланды. Жолаушылар мен экипаждың қауіпсіздігі – басты басымдық. Дағдарыс штабының жұмысы жалғасып жатыр. Turkish Airlines бастаған әуе компаниялары 16 маусым, дүйсенбіге дейін Иран, Ирак, Сирия және Иордания бағытындағы рейстерін тоқтатты", — деді министр.