Мамандардың айтуынша, анасы мен қызы ұзақ жылдар бойы тұрмыстық зорлық-зомбылық көріп келген.

Ақтауда 16 жастағы колледж студенті өгей әкесінің соққысынан кейін ауруханаға жеткізілді. Атпалдай азамат жасөспірім қызды көшеде шашынан сүйреп, соққыға жыққан. Миы шайқалып, бет-аузы көгерген қыз қазіргі уақытта медициналық көмек алып жатыр, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.

Маңғыстау облысындағы кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия өкілдерінің айтуынша, анасы мен қызы ұзақ жылдар бойы тұрмыстық зорлық-зомбылық көріп келген. Мамандардың мәліметінше, күдікті азамат әйелі мен оның қызын жиі ұрып-соғып, қорлық көрсетіп отырған.

Осы жағдайға байланысты полиция "Денсаулыққа қасақана зиян келтіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу жұмыстарын бастады.

"Кәмелетке толмаған қыздың өгей әкесінен қорлық көріп, ұрып-соғылғаны туралы хабарлама келіп түсті. Қыз көмек сұрады. Бүгін біздің психолог барып, қызбен сөйлесті. Оған моральдық және психологиялық қолдау көрсетті. Қыз бала әлі де қорқыныш пен мазасыз күйде. Қазіргі таңда біздің комиссия, полиция департаменті және облыстық прокуратура бірігіп жұмыс жүргізіп жатырмыз", – деді Маңғыстау облысы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссия мүшесі Светлана Әлібекова.