Ел естімеген ғылыми жетістікке АҚШ-тағы Массачусетс технологиялық институтының инженерлері жетіп отыр.

Олар қауіпсіз әрі арзан ауызсуға қолжетімділікті арттыру мақсатында ауаны пайдалануда, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

AZƏRTAC агенттігі Жер атмосферасында бу күйінде миллиардтаған галлон су бар екенін жазады. Яғни, осы буды тиімді түрде ұстап, конденсациялауға мүмкіндік жасалса, ол дәстүрлі су көзі саналып, көпшілікті таза ауызсумен қамтамасыз етуге қабілетті.

Дәл осы мақсатта Массачусетс ғалымдар тобы атмосфералық суды жинауға арналған жаңа құрылғыны жасап, оны сынақтан өткізіп көрді. Нәтижесінде құрылғы су буын тиімді ұстап, тіпті шөлдегі құрғақ ауа жағдайында да қауіпсіз ауызсу өндіре алатыны дәлелдеп отыр.

– Құрылғының көлемі – терезедей әрі қара түсті тік панель. Ол су сіңіргіш гидрогель материалынан жасалып, салқындатқыш қабатпен қапталған шыны камераға орналастырылған. Гидрогель – қара түсті көпіршікті плёнка тәріздес, оның бетінде бу сіңірген кезде ісінетін күмбез тәрізді құрылымдар бар. Бу буланған кезде бұл күмбездер жиырылып, оригами секілді пішінге енеді. Бу шыны бетіне конденсацияланып, ағып, арнайы түтік арқылы ішуге жарамды таза су ретінде жиналады, – деп құрылғыны сипаттады инженерлер.

Оның бір ерекшелігі – құрылғы толықтай автономды, яғни жұмыс істеуі үшін батарея, күн панельдері немесе электр желісі қажет етпейді. Команда аталған құрылғымен Солтүстік Американың ең құрғақ өңірі саналатын Калифорниядағы Өлім аңғарында бір жетіден астам уақыт жұмыс жүргізіп, тәжірибеден өткізген. Олар тіптен, өте төмен ылғалдылық жағдайында да тәулігіне шамамен 160 миллилитр ауызсу өндірген.

Инженерлер бірнеше тік панельді шағын массив түрінде орнату арқылы тіпті шөлейт аймақтарда да су алуға болатынын шамалап отыр. Ауа ылғалдылығы артқан сайын құрылғының өнімділігі де жақсара түспек.