Батыс Қазақстан облысында соңғы екі аптада киіктің 800-ден астам өлексесі судан шығарылды.

Жануарлар Казталов ауданы аумағында Сарыөзеннен өтпек болғанда, суға батып өлген. Инспекторлардың айтуынша, бәрі де биылғы жылдың төлі. Әуелі 526 бас, кейін 308 бас киік өлексесі судан шығарылған. Тұрғындар өзеннен мал су ішетінін айтып, оның тазалығына алаңдап отыр. Мамандар судан сынама алып, зертханаға жіберген. Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының мәліметінше, ақбөкен төлдері өзеннен әрі-бері өткенде, биіктігі 40-50 см жырадан шыға алмай қалған. Ал тұтас өзеннің бойына кезекшілік қою мүмкін емес. Суды өлекселерден тазартуға «Бөкей орда» резерватының мамандары мен жергілікті атқарушы орган қызметкерлері жұмылдырылған.

Нұрлан Рақымжанов, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау аумақтық инспекциясының басшысы:

Сарыөзен жағасында киіктер жатқаны анықталып, өлекселері өзеннен шығарылып, алгоритм бойынша өртеу әдісімен жою ұйымдастырылды. Барлығы 308 бас. Бұл жағдай 1-2 апта бұрын да болды. Онда 526 бас екі күннің ішінде шығарылды.

Ардақ Мұратқызы