Ойынның негізгі бөлігі де, қосымша уақыты да тең аяқталды.

Футболдан UEFA Ұлттар лигасының ақтық сынында Португалия мен Испания құрамалары алаңда кездесті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Матч алдында "жалындап тұрған жастар мен тәжірибелі ойыншылар шеберлік байқасады" деген сарындағы пікірлер жиі айтылды, жазылды. Жасы – испаниялықтар, үлкені – португалиялықтар. Бейне бір қос дәуірдің футболшылары алаңда кездескендей әсер қалдырды.

Ең әуелі испаниялық Мартин Субименди 21-минутта командасын алға шығарса, португалиялық Нуну Мендеш 26-минутта есепті теңестірді. Кескілескен ойынның 45-минутында Микель Оярсабаль қайтадан Испанияны алға шығарды. Оған жауап ретінде португалиялық Криштиану Роналду 61-минутта тағы таразы басын теңестіріп кетті.

Ойын соңына дейін таблодағы көрсеткіш өзгермеді. Қосымша уақытта да есеп сол күйі қалды. Ал пенальти сериясында Португалияның бағы басым саналды. Осылайша, олар араға 6 жыл салып, Ұлттар лигасында жеңімпаз атанып отыр.

Еске салайық, плей-офф кезеңінде Испания құрамасы Францияны 5:4 есебімен, Португалия құрамасы Германияны 2:1 есебімен жеңген еді.

Қос құрама осыған дейін 41 мәрте кездескен. Оның 6-ауында Португалия жеңісін тойласа, 17-сінде тең нәтиже тіркелген, қалғаны Испанияның жеңісімен аяқталған.

Португалия құрамасы соңғы рет Испанияны 2010 жылы жолдастық кездесуде (4:0) жеңген. Содан бері шамасы жетпей жүрген еді. Десе де, өте маңызды саналатын турнирде жеңісті жұлып әкетіп отыр.

Негізінен Ұлттар лигасы 2018 жылдан бері тұрақты түрде өтіп келеді.