Былтыр Қазақстанда ерлер мен әйелдердің орташа жалақысы арасындағы алшақтық бұрынғыдан да ұлғайған, деп хабарлайды El.kz интернет порталы
Data Hub дерегі бойынша экономика бойынша (шағын бизнесті есептемегенде) ерлердің номиналды орташа айлық жалақысы – 468,9 мың теңге, ал әйелдердің – 344,5 мың теңге болды. Бұл көрсеткіш ерлерде 12%-ға, әйелдерде 10,7%-ға өскен. Алайда нақты (инфляцияны есепке алған) өсім әлдеқайда төмен – тиісінше 3% және 1,8% ғана.
Бұл – гендерлік жалақы айырмашылығының қатарынан үшінші жыл қатарынан артуы. Қазіргі таңда ерлердің орташа айлығы әйелдердікімен салыстырғанда 36%-ға жоғары.
Гендерлік айырмашылық тек техникалық немесе қарапайым қызметтерде ғана емес, жоғары біліктілік талап етілетін салаларда да байқалады:
- Басшылар мен мемлекеттік қызметкерлер арасында ерлердің орташа жалақысы – 776,3 мың теңге, әйелдердікі – 561,9 мың теңге. Айырмашылық – 38%.
- Кәсіби мамандар тобы бойынша (бағдарламашылар, аудармашылар, дәрігерлер, заңгерлер және т.б.) ерлер – 538,5 мың теңге, әйелдер – 395,3 мың теңге. Айырмашылық – 36%.
Айта кетерлігі, бұл санаттағы мамандар қатарына техниктер, фельдшерлер немесе әкімшілік қызметкерлер (мысалы, хатшылар) кірмейді.
Оқи отырыңыздар:
- Кәсіптік білім – еңбек нарығының кілті
- Әлемдегі ең танымал блогер шын мәнінде ақшасы жоқтығын айтты
Кәсіби мамандар арасында әйелдер саны ерлерден екі есе көп, дегенмен, олардың басым көпшілігі білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет салаларында жұмыс істейді – шамамен 75%. Ерлер арасында бұл көрсеткіш – 41%, яғни әлдеқайда төмен.
Аталған салалардағы орташа жалақы да аса жоғары емес:
- Білім беру: әйелдер – 360,2 мың теңге, ерлер – 370,6 мың теңге.
- Денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет: әйелдер – 370,2 мың теңге, ерлер – 413,6 мың теңге.
Өкінішке қарай, 2024 жылы бұл салаларда жалақының өсу қарқыны (5–6,5%) баға өсімінен (8,7%) қалып қойды. Бұл дегеніміз – білім және денсаулық сақтау салаларында еңбек ететін кәсіби мамандардың нақты табысы төмендеген.