Биыл Арқалықтан Ұлытауға дейінгі жол толық жөндеуден өтті. Келесі жылы Орталық-Батыс тас жолының құрылысы басталады. Осы жобалар жүзеге асқанда Торғай өңірі арқылы өтетін жүк тасымалы 3-4 есе артады.
Тиісінше, кәсіпкерлік дамып, жаңа жұмыс орындары пайда болады. Қазірдің өзінде жол бойында қызмет көрсету орындарын ашуға ниеттеніп отырғандар көп.
Арқалықтық кәсіпкер Сағидолла Аяп қалаға кіре берісте, жолдардың түйісер тұсында аялдап, дем алатын нысанның құрылысын бастап кетіпті. Тыңдап отырсаң, жоспары ауқымды.
Сағидолла Аяп, кәсіпкер:
- Кафе болады, дүкен болады, вип залы болады, екінші қабатында толықтай жатақхана, қонақ үй болады. Есіктің алдында ағаштан моншалар болады. Содан кейін жеңіл, ауыр көліктерге арналған дөңгелек ауыстыру орталығы орналасады. Сонымен қатар заңды түрде көлік тұрағын жасағымыз келеді.
Мағауия Қалиев, тілші:
- Арқалықтан Ұлытауға дейінгі 70 шақырым аралықтағы жолды жөндеу жұмыстары екі-үш апта бұрын ғана аяқталды. Енді келесі кезекте Астанадан Ырғызға дейінгі салынатын Орталық-Батыс тас жолы да осы тұстан өтеді. Сол кезде екі жол артериясы арқылы күніне 3 мың 500 көлік қатынайды деген болжам бар. Яғни осы уақытқа дейін тұйық қала саналған Арқалық бірте-бірте халықаралық транзиттік дәлізге айналмақ.
Ұлытау облысына дейінгі жолдың жөнделгеніне, әсіресе жүргізушілер дән риза. Жүк тасымалымен айналысатын Айдос Ахметовтің айтуынша, Арқалықтан Жезқазғанға жету уақыты екі есеге қысқарыпты.
Айдос Ахметов, жүргізуші:
- Біз Қарағанды жақпен Жезқазғанға барып жүргенбіз. Ол жақ алыс. Айналма. Мына жолмен жақын. Уақыт ұтамыз.Соляркаға шамалы үнем болады.
Президент тапсырмасымен іске асқалы отырған «Орталық-Батыс» күре жолының ел экономикасы үшін маңызы зор. Астана мен Ырғызды жалғайтын жаңа автокөлік жолы Оңтүстік пен Батыс арасын 560 шақырымға қысқартады. Екі аралықта көлік қатынасы жанданып, жүк тасымалы артады. Ең бастысы бұл күре жол Қостанай облысының шалғайдағы ауыл-аймақтарының дамуына оң ықпал етпек.
Олжас Өтегенов, Арқалық қаласының кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:
- Жол бойында кафелер, тамақтанатын орындар, қонақ үйлер ашқысы келетіндерден көп ұсыныстар келіп жатыр бізге. Оның ішінде басып айта алатын бір 7-8 жоба бар нақты салады деген.
Қазіргі кезде Орталық-Батыс бағытында салынатын жолдың жер бедерін, топырақ қабатын, су өткел орындарын зерттеу жұмыстары жүріп жатыр. Әкімдіктегі мамандардың айтуынша, жол құрылысы көктем шыққанда басталады.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг