Тыйым 9 маусымнан бастап күшіне енеді.
АҚШ Президенті Дональд Трамп 12 елдің азаматтарына АҚШ-қа кіруге тыйым салатын жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Сыртқы саясат, ұлттық қауіпсіздік және АҚШ-тың терроризммен күрес мақсаттарын ескере келе, келесі 12 елдің азаматтарына елге кіруге толықтай тыйым салу және шектеу туралы шешім қабылдадым. Атап айтқанда, Ауғанстан, Мьянма, Чад, Конго Республикасы, Экваториалдық Гвинея, Эритрея, Гаити, Иран, Ливия, Сомали, Судан және Йемен", – делінген жарлықта.
Сондай-ақ, Ақ үй басшысы 7 елдің азаматтарына АҚШ-қа кіруге ішінара шектеу қойды.
"Мен Бурунди, Куба, Лаос, Сьерра-Леоне, Того, Түрікменстан және Венесуэла азаматтарына АҚШ-қа кіруге ішінара тыйым салып, шектеу енгізу туралы шешім қабылдадым", – деп жазылған құжатта.
Тыйым 9 маусымнан бастап күшіне енеді.
Дональд Трамп 2017 жылы да кейбір мемлекеттердің азаматтарына АҚШ-қа кіруге тыйым салған еді. Сол кезде ол Ливия, Сирия, Йемен және Сомали азаматтарына АҚШ шекарасын кесіп өтуге рұқсат бермеді. Кейін бұл тізімге Солтүстік Корея, Венесуэла және Чад елдері де қосылды.