Өзбекстан да құрбан айт мерекесіне дайындықты бастап кетті.
Халықтың дені шалатын малды базардан бірер күн болса да ертерек сатып алып, қам жасайды. Өйткені айт мерекесінде баға шарықтап кетуі мүмкін.
Айтса айтқандай, қазір мұнда бір қойдың құны біздің ақшамен орташа есеппен 150 мың теңге. Ірі қараның бағасы да арзан түспейді.
Дулат Нуркин, тілші:
- Мен қазір Ташкент қаласынан 30 шақырым жердегі Бостандық ауданындағы мал базарына келдім. Қазір сағат таңғы 7 жарым. Базар қызып тұр. 4-тен бастап жұмысын бастаған. Оның бір себебі бір-екі сағаттан соң күн ысиды. Сондықтан базар ерте басталып, ерте аяқталады. Қазір іштегі жағдайды көрейік.
Базар іші қайнаған халық. Аяқ алып жүру оңай емес. Тауарын қымбатқа сатқысы келетін саудагермен арзанға алғысы келетін тұтынушының бағаға келісу процесін әр бұрыштан көруге болады.
Өзбекстанда ет арзан емес. Бізбен салыстырсақ қымбат. Мәселен, мына қойлар 150 мың теңгеден саудаланып жатыр. Тоқтылардың өзі 100 мыңнан кемі жоқ.
Жақсылық Жорықбаев мына қошқарды саудаласа келе,180 мың теңгеге сатып алды.
Жақсылық Жорықпаев, Шыршық қаласының тұрғыны:
- Құрбандыққа сойылатын малдың құлақтары кесілмеу керек. Дені сау болу керек. Өзі арық болмау керек. Соған мына қошқарды таңдадық. Үштен бірін туған-туысқа, тағы бір бөлігін жағдайы төмен жандарға, қалғанына ел жұртты шақырып, батасын аламыз.
Қара малдың бағасы да аспандап тұр. Мысалы, сементаль тұқымды мына бұқаның құны 2 млн 240 мың теңге.
Молдабек Боранбаев, шаруа:
- Біраз малымыз бар баққан. Осындай құрбан айтқа алып шығамыз. Сауда жаман емес, баққанға жараса, болып жатыр.
Өзбекстанда құрбан айтқа сойылатын малды ертерек сатып алады. Пәтерде тұратындар туған туыстарының, таныстарының үйіне айтқа дейін байлап бағады. Сол жерде құрбандық шалады. Ал қалаларда мал соятын арнаулы орын жоқ.
Дулат Нуркин