Биыл облыста аса қауіпті зиянды организмдерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары 700 мың гектардан асты.

Оның ішінде, 632 мың гектар жер үсті бүріккіштерімен, 64 мың гектар ұшақпен ("АН-2"), 2 мың гектар аспалы бүріккіштермен және 1 мың гектар алқап дронмен өңделді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков Арыс қаласында кезекті штаб отырысын өткізіп, Марокко шегірткесіне қарсы химиялық өңдеу жұмысының есебін тыңдады. Соңғы мәліметтерге сәйкес, Түлкібас, Сайрам, Созақ, Отырар, Төлеби, Сауран аудандарында алқаптарды дәрілеу қарқын алды.

Ордабасы ауданында ошақтар толық жойылып, аймақтарды тазалау жалғасуда. Келес, Сарыағаш, Арыс аумақтарында ауданаралық шекаралардың бойына техникалар жұмылдырылған. Ал, Қазығұрт, Шардара аудандарына егістіктерді зиянкестен қору бойынша кезекшілікті күшейту ескертілді.

Химиялық өңдеуге жұмсалған препарат 100 тоннадан асты. Республикалық бюджет қаражаты есебінен 192 мың гектарда (аумақтық инспекция – 192,0 мың га), жергілікті бюджет арқылы 180 мың гектар және аудан, қаладағы кәсіпкерлердің демеушілігімен 300 мыңнан астам гектар жерде жұмыс жүрді.

Облыс әкімінің орынбасары жұмыстарды осы қарқынмен жалғастыруды тапсырды. Кезекші техникалар тәулік бойы ауысыммен жұмысын жалғастыруы тиіс. Бақылаушыларға азаматтардан түскен кез-келген хабарламаны шұғыл назарға алып, өзектілігі мен қажеттілігін саралап, мезгілінен кешіктірмей тиісті жұмыстарды ұйымдастыруды тапсырды.