Қазақстан Орталық және Шығыс Азия елдері арасында аусыл ауруынан таза ел мәртебесін алған жалғыз мемлекет атанды, деп хабарлайды Egemen.kz


Қазақстан халықаралық деңгейде мойындалған эпизоотиялық қолайлылық жүйесін жүйелі түрде нығайтып келеді. Бұл еліміздің ветеринариялық қауіпсіздік деңгейінің жоғары екенін және аталған салада жүргізіліп жатқан реформалардың тиімділігін айқын көрсетеді.

Қазақстан Үкіметі жүзеге асырып отырған жүйелі шаралар мен ветеринариялық қызметті жаңғырту нәтижесінде жануарлардың аса қауіпті ауруларының алдын алу және оларды бақылау бағытында елеулі жетістіктерге қол жеткізілді.

2025 жылы еліміздің оңтүстік-шығыс өңірлерінде аусыл ауруы бойынша, сондай-ақ жоғары патогенді құс тұмауы, африкалық шошқа обасы, классикалық шошқа обасы және африкалық жылқы обасы бойынша қауіпсіз ел мәртебесін қалпына келтіру және халықаралық деңгейде мойындату бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды.

Қол жеткізілген нәтижелер отандық өнімдердің экспорттық әлеуетін айтарлықтай кеңейтіп, жаңа шетелдік нарықтарға жол ашты.

Атап айтқанда, Қытай Қазақстаннан сойысқа арналған ірі қара малды, ірі қара терілерін және құс етін импорттауға рұқсат берді. Әзербайжан түйе, ірі және ұсақ мал еті, құс еті, сүт өнімдері, бал және балық өнімдерін әкелуге мүмкіндік ашты. Моңғолия тірі ұсақ мал импортын бастауға келісім берді. Ирак сойысқа арналған ірі және ұсақ мал жеткізілімдерін мақұлдады. Грузия сойысқа арналған ірі қара малды, сондай-ақ сойысқа және өсіруге арналған ұсақ малды импорттауға рұқсат етті. Иран тұяқты жануарлардың терісі мен жүніне өз нарығын ашса, Еуропалық одақ елдері қазақстандық бал өнімдерін қабылдай бастады.

Екі жылға созылған кешенді жұмыс нәтижесінде, 2026 жылғы 22 мамырда Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымына мүше 183 елдің делегаттары бірауыздан Қазақстанға вакцинация жүргізілетін аусылдан таза аймақ мәртебесін беру туралы шешім қабылдады. Ресми сертификат Қазақстан делегациясына Париж қаласында өткен ұйымның 93-ші Бас сессиясы барысында табысталды.

Осылайша, бүгінде Қазақстанның бүкіл аумағы аусыл ауруынан вакцинация арқылы қорғалған әрі халықаралық деңгейде мойындалған қауіпсіз аймақтармен қамтылған. Қазақстан Орталық және Шығыс Азияда мұндай мәртебеге ие болған жалғыз мемлекет.

Бұл — ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, елдің биологиялық қорғанысын күшейту және агроөнеркәсіптік кешеннің экспорттық әлеуетін дамыту бағытындағы сындарлы мемлекеттік саясаттың жарқын нәтижесі.

Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринариялық қауіпсіздікті одан әрі нығайту, экспорт географиясын кеңейту және отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру жұмыстарын жалғастырады.