ҰБТ-ға 240 мыңға жуық талапкер қатысуға өтініш берген.
10 мамырда басталған негізгі ҰБТ 41 мыңнан астам рет тапсырылды. Талапкерлердің 67%-ы тестілеуді қазақ тілінде, 33%-ы орыс тілінде, ал 103 адам ағылшын тілінде тапсырған, деп хабарлайды Ғылым және жоғары білім министрлігі.
"Бірінші аптаның қорытындысы бойынша талапкерлердің 57%-ы шекті балл жинады. Бес пән бойынша орташа көрсеткіш 58 балл болды. Ең жоғары нәтиже — 138 балл. Сонымен қатар ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкерлер үшін қолайлы жағдай жасалып, ҰБТ-ға 134 адам қатысқан. Талапкерлер тест тапсырмаларының мазмұны бойынша тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға өтініш бере алады. Ал техникалық себептерге байланысты апелляциялар тестілеу барысында қабылданады. Нәтижелері бар сертификаттар апелляция қаралғаннан кейін жеке кабинеттерде қолжетімді болады", – делінген хабарламада.
ҰБТ өткізудің алғашқы аптасында 86 ереже бұзушылық тіркелген. Оның ішінде 46 талапкер смартфон, смарт көзілдірік, микроқұлаққап, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып кірмек болғаны үшін тестілеуден шеттетілді.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда грант алу үшін ҰБТ-ны екінші рет тапсыру мүмкіндігі жойылады
Тағы 40 адам тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан шығарылып, олардың нәтижелері жойылды. Басқа адамның орнына кіру фактілері анықталмаған.
"2026 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін бейнежазбаларға талдау жүргізіледі. Егер тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу деректері анықталса, талапкерлердің ҰБТ нәтижелері жойылады", – делінген хабарламада.