Қалада одан бөлек, нан, құс еті және қант бағасы тұрақтандырылды.
Алматы әкімдігі қалада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша кешенді жұмыстар жүргізіліп жатқанын хабарлады. Әсіресе, нан, жұмыртқа, құс еті және қант бағасын тұрақтандыруға ерекше көңіл бөлінген.
Мәселен, "Сары-Бұлақ" құс фабрикасымен бірінші санаттағы 86,4 млн жұмыртқаны белгіленген бағамен жеткізу туралы келісімге қол қойылды. Бір жұмыртқаның бағасы 59 теңгеден аспайды. Өнім Magnum, Small, Metro, A-store сауда желілерінде және "Алатау-құс" дүкендерінде сатылады. Сонымен қатар "Алатау-құс" және Nauryz Agro KZ компанияларымен құс еті бағасын тұрақтандыру бойынша келісімдер жасалған.
"Алатау-құс" компаниясының фирмалық дүкендерінде тауықтың сан еті мен жілігі 1 келісі 1100 теңгеден, ал сирағы 1650 теңгеден сатылып жатыр. Бұдан бөлек, Nauryz Agro KZ компаниясымен сан еті мен жіліктің бағасы 1 келісі үшін 1300 теңге деңгейінде тұрақтандырылды. Өнімді Magnum Cash&Carry сауда желісінен 1 келісін 1495 теңгеден аспайтын бағамен сатып алуға болады. Бұл бағыттағы тұрақтандыру мерзімі үш жылға дейін қарастырылған.
Сондай-ақ, "Алматы" ӘКК жергілікті өндірушілерден 4,5 мың тонна түйіршіктелген қант сатып алды. Қант Magnum, Small, Toimart, "Столичный", "Юбилейный" және басқа да сауда орындарында 10 пайыздан аспайтын үстемемен сатылып жатыр. Бағасы 1 келі үшін 405 теңге деңгейінде белгіленген. Қант бағасын тұрақтандыру шаралары биыл қараша айына дейін жалғасады.
"Алматы" ӘКК мен "АЛМАТЫНАН" нан-тоқаш комбинаты арасында әлеуметтік қалыптағы нанды ("кірпіш" нан) өндіру және өткізу жөнінде келісім жасалды. Оның аясында бірінші сұрыпты ұннан дайындалатын жалпы көлемі 3 846 154 бөлке бидай наны сатылады. Бір бөлке нанның бағасы 130 теңге болып белгіленді, ал сауда үстемесі 15%-дан аспайды. Кейбір дүкендер мен сауда желілері өнімді үстемесіз де сатуы мүмкін. Әлеуметтік нан бағасын тұрақтандыру шаралары 2027 жылдың мамырына дейін сақталады. Өнім ірі супермаркеттерде және шағын азық-түлік дүкендерінде қолжетімді болады.
Оқи отырыңыз:
- Азық-түлік бағасына бақылау күшейді: 1400-ден астам айыппұл салынды
Алматыда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасына мониторинг жүріп жатыр