Килиан Мбаппені Реал Мадрид клубынан шығаруды талап еткен онлайн-петицияға 33 миллион адам қол жиналғаны айтылды.


Жанкүйерлердің наразылығына футболшының Сардинияда испан актрисасы Эстер Экспоситомен бірге яхтада жүрген суреттері себеп болған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ол кезде шабуылшы жарақатын емдеп жатқан.

Кейбір жанкүйерлер мұны клубқа деген құрметсіздік ретінде қабылдады. Себебі Мбаппенің жарақаты оның "Барселонаға" қарсы Эль-Класико матчына қатысуына кедергі келтіруі мүмкін екені айтылған.

Al Jazeera мәлеметі бойынша, "Mbappe Out" деп аталған петиция бастапқыда 200 мың қол жинауды көздеген. Алайда бірнеше күн ішінде көрсеткіш күрт өскен. Дегенмен петиция жарияланған сайтта қолданушылардың деректері тексерілмейтіндіктен, қолдардың нақты санына күмән бар екені жазылған. Сол себепті,көрсеткіштің шынайылығын тәуелсіз түрде растау мүмкін емес.

Соған қарамастан, бұл жағдай әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Ал Эстер Экспосито Instagram парақшасындағы пікір жазу мүмкіндігін шектеген.

Басылым мәліметінше, петицияның нақты құқықтық күші жоқ. Мбаппе мадридтік клубпен 2029 жылға дейін келісімшартқа отырған және қазір командамен бірге жаттығуын жалғастырып жатыр.

Клубтың бас бапкері Альваро Арбелоа футболшыны қорғап, оның ем-дом процесі дәрігерлердің бақылауында екенін айтты.