«Самұрық-Энерго» АҚ Қытайдың «Energy China» компаниясымен бірлесіп, Түркістан облысында қуаты 300 МВт болатын күн электр станциясының құрылысын бастады.

Аталған жоба – компанияның ұлттық энергия саласын жаңғыртуға және өңірдегі жаңартылатын энергия көздерін дамытуға бағытталған ең ауқымды бастамаларының бірі.

Күн электр станциясының іргетасын қалау рәсімінде «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтов, бұл жоба — компанияның төмен көміртекті генерацияға және заманауи энергия жүйесін дамытуға кезең-кезеңмен көшу жөніндегі стратегиясының маңызды бөлігі екенін атап өтті.

Қайрат Мақсұтов, «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы:

- Бұл жоба тек аймақ үшін ғана емес, еліміз үшін де маңызы өте зор. Жаңа станция Қазақстандағы ең ірі күн электр станцияның бірі болады. Оңтүстік өңірдегі электр энергия тапшылығын азайтуға әсер етеді.

Сонымен қатар Түркістан облысында жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Жобаға тартылған жалпы инвестиция көлемі шамамен 300 млн доллар болады. Ал нысанды пайдалануға беруді 2027 жылдың бірінші тоқсанына жоспарлап отырмыз. Бүгінгі таңда «Самұрық-Энергоның» инвестициялық портфельінде 7 жоба бар. Қуаттылығы 5 ГВт құрайды.

Сауран ауданында салынатын күн электр станциясы құрылысының уақыт капсуласын салу рәсімі өтті.

Жиында облыс әкімі жобаның іске қосылуы аймақтың энергетикалық әлеуетін арттырып, жасыл энергетика үлесін ұлғайтуға мүмкіндік беретінін айтты.

Нұралхан Көшеров, Түркістан облысының әкімі:

- Қазіргі біз тұтынып отырған электр энергиясының 75 % сырттан келеді. Алдағы уақытта осындай жобалардың есебінен өз-өзімізді толық қамтып және өңірге келетін жаңа инвест жобаларға қажетті электр қуатын өзіміз өндіретіндай күнге жететін боламыз.

Мамандардың айтуынша, мұнда құрылыс кезінде күнді бақылау механизмі бар жаңа буынның фотоэлектрлік панельдері қолданылады. Генерацияның тұрақтылығын қамтамасыз ететін және қуат көзін желіге беру тиімділігін арттыратын энергия жинақтау жүйелері орнатылады. Бұдан бөлек, 500-ге жуық тұрғын жұмыспен қамтылады.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Қуаныш Абуов